ТҮРКІСТАН: Сайрамда «Парасат» пікірталас клубы жұмыс істеп тұр

0
705

Ең өзекті пробемаларды талқыланады.


ТҮРКІСТАН: Сайрамда «Парасат» пікірталас клубы жұмыс істеп тұр

Сайрам ауданында басшылар мен халық тұрақты түрде кездесіп, ең өзекті пробемаларды талқылайды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы, Сайрам ауданында «Парасат» пікірталас клубы жұмыс істейді. Аудан әкімінің қолдауымен құрылған клубта жергілікті басшылар мен халық тұрақты түрде кездесіп, ең өзекті пробемаларды талқылайды. Шешімін табады. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Сайрам ауданында барған жұмыс сапарында осы тәжірибені барлық аудан, қалада жүзеге асыруды тапсырды.


Қарабұлақ ауылында Сайрам ауданының зиялы қауым өкілдерімен және тұрғындарымен кездесуде өңір басшысы сайрамдықтардың ұсыныстары мен тілектерін тыңдады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен батыс және оңтүстік облыстарды дамыту жоспары әзірленетінін, бұл бастама ел әлеуетін көтеруге оң серпін беретінін атап өтті.


Сонымен бірге төтенше жағдай кезінде бірлігі мен тыныштығын сақтаған Түркістан жұртшылығының отаншылдығына ризашылығын білдіріп, бұның бәрі жергілікті әкімдіктер мен қоғам мүшелерінің, халықтың арасындағы байланыстың жақсы дәрежеде болғанының белгісі екендігін жеткізді.


"Өңір тұрғындарының ауызбіршілігі мен тәртіп сақшыларының, әкімдіктердің, қоғам белсенділері мен зиялы қауым және ерікті жастардың бірлесе атқарған жұмысы нәтижесінде облысымызда бұзақылық оқиғалары тіркелген жоқ. Бейбіт митингтер болды, бәріне жедел түсіндіру жұмысы жүргізіліп, диалог орнатылды. Нәтижесінде облысымыздан төтенше жағдай режимі алынып тасталды. Кабинетте отыра берсең, халықпен кездесіп тұрмасаң, қоғамдағы кейбір мәселелерді білмей қалуың мүмкін. Сондықтан пандемия қолды байласа да, аудан, қалаларға сапарымда міндетті түрде ардагерлермен, зиялы қауыммен кездесемін. Кездесуге кәсіпкерлерді, жастарды, қоғам белсенділерін, жалпы айтары бар тұрғындарды да қосып отырмыз. Сөйлесейік, бір-бірімізді тыңдайық, елдің мәселесін бірлесе шешейік деген ой. Еркін пікір алмасып, сұрақтарыңызға жауап беруге дайынмын", – деген әкім сайрамдықтардың игі істерін жоғары бағалады.


Кездесуде ардагерлер мен зиялы қауым, жастар, жергілікті тұрғындар қоғамдағы түрлі мәселені қаузап, ұсыныстарын жеткізді. Облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов пен ел ағалары да келелі ой қозғады. Елдің бірлігінен асқан құндылық жоқ екенін айтып, Президенттің бастамаларын қолдайтындарын айтты.