Қарақшылық шабуыл жасаған кезде үйдің ішінде күйеуі мен әйелі және кәмелетке толмаған үш баласы болған.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Түркістан облысының тәртіп сақшылары кәсіпкердің үйіне жасалған қарақшылық шабуыл қылмысын ашты, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
21 мамыр түн мезгілінде Сайрам аудандық полиция басқармасының кезекшілік 102 нөміріне жергілікті кәсіпкерден үйіме қарақшылар шабуыл жасады деген хабарлама келеді. Оқиға орын алған жерге шұғыл басқарма бастығы мен жедел-тергеу тобы жетеді.
Жәбірленушілердің сөздеріне қарағанда қаруланған және бетперде киген белгісіз адамдардың қарақшылық шабуыл жасаған кезде үйдің ішінде күйеуі мен әйелі және кәмелетке толмаған үш баласы болған. Ер-азамат қарсылық көрсетіп үйдің ішінде айқай-шу шыққаннан соң қарақшылар ештеңе алып үлгерместен көліктеріне мініп, іздерін суытқан.
Аталмыш жайтты полиция басқармасының тергеушісі ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабы "Қарақшылық" бойынша СДТБТ-ге тіркеуге алды. Арнайы құрылған топтың қылмысты ашумен қатар қылмыскерлерді ұстау үшін үш күн жұмсалған. Көршілерден жауап алып, біраз еңбектеніп атқарған жұмыстардың нәтижесінде жедел-тергеу тобы қысқа мерзімнің ішінде ауыр қылмысты ашады.
Бес күдіктіні полицейлер тұрғылықты мекен-жай мен Шымкент қаласындағы жалдамалы пәтерлердің бірінен ұстайды. Олардың екеуі Шымкент қаласының, ал қалғандары Түркістан облысының тұрғындары екендігі анықталды. Күдіктілердің төртеуі - бұрын ұрлық пен тонау бойынша сотты болғандар. Ұсталған азаматтардан екі газ пистолеті мен "Сайга 410" аңшылық мылтығы, шолақ аңшы мылтығы тәркіленді.
Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер қамауға алынды. Тергеу барысында полицейлер оқиғаның толық мән-жайын анықтай түсетін болады.