ТҮРКІСТАН: Сарыағашқа жыл басынан бері 70 мың турист келген

0
706

Құны 450 млн. теңге болатын 4 нысан іске қосылып, 80 адам жұмыспен қамтылды.


ТҮРКІСТАН: Сарыағашқа жыл басынан бері 70 мың турист келген

Түркістан облысы Сарыағаш ауданына ағымдағы жылдың 9 айында 70 мыңға жуық турист келген, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Туристерге 47 емдік сауықтыру шипажайы, 1 балалар шипажайы, 1 балалар сауықтыру лагері, 1 гольф клубы және 21 қонақ үй қызмет көрсетті. Сондай-ақ, биыл туризм саласын дамыту мақсатында жалпы құны 450 млн. теңге болатын 4 нысан іске қосылып, 80 адам жұмыспен қамтылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Сарыағаш ауданының әкімі Мұхит Отаршиев мәлімдеді.

Журналистер алдында 9 айда атқарылған жұмыстарын қорытындылаған аудан басшысы ауданның құрылыс және инфрақұрылым салаларына да кеңінен тоқталды.

«Биыл ауданда жалпы 4,3 млрд. теңгеге 22 нысанның құрылыстары жүргізілуде. Оның ішінде, ауыз сумен қамту бойынша 2 нысан, тұрғын үй құрылысы бойынша 2 нысан пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 8 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталып, қалған 10 нысан келесі жылға өтпелі болады. Халықты табиғи газбен қамту үлесі жөнінде айта кетсем, өткен жылы 50,7 пайыз болса, биыл көрсеткішті 69 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ал, ауыз сумен қамту бүгінгі таңға 50,7 пайыз болса, үстіміздегі жылдың соңына дейін 56,3 пайызға жеткіземіз деп отырмыз. Сапалы электр энергиясымен аудан халқының 98,5 пайызы қамтылған», – деді аудан әкімі.

Жалпы ауданда биыл республикалық және жергілікті бюджет есебінен жалпы 55,2 шақырымды құрайтын 34 көшені орташа жөндеу жұмыстарына және 1 жаңа көпір құрылысына жалпы сомасы 1 591,7 млн теңге қаржы қаралды. Бұл жұмыстар ағымдағы жылдың қараша айында толығымен аяқталу жоспарлануда.