Әйел баспана алуға көмектесемін деп алдаған.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Сарыағашта жас әйел танысының 4,5 млн теңгесін алып тақырға отырғызып кеткен, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Түркістан облысының Сарыағаш аудандық полиция басқармасына баспана алуға көмектесемін деп алдап, сеніміне кіріп жас әйелдің алаяқтықпен алдап кеткені туралы жәбірленуші азаматша арызданған. Алданып қалған жәбірленушінің сөзіне қарағанда келтірілген шығын 4,5 млн теңгені құрайды екен.
Аталған арыз бойынша Сарыағаш ауданының полицейлері баспана алуға көмек беремін деп алдап жергілікті тұрғыннан бірнеше миллион теңгені алаяқтық жолмен жымқырған алаяқ жас әйелді ұстады.
Болған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша Сарыағаш АПБ СДТБТ тіркеуге алынды. Жедел-іздестіру шарасы барысында полицейлер күдікті ретінде жергілікті тұрғынды ұстады. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу барысында жинақталған материалдар айыптау актісімен сотқа шешім қабылдау үшін жолданды. Полицейлер ұсталғанның басқа да қылмысқа қатыстылығын анықтауда.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға бейтаныс тұлғалармен қарым-қатынаста сақ болуды, ешкімге орынсыз сенім білдірмеуін, алаяқтың құрығына ілінбеуін, ешкіммен жеке басының ақпаратымен бөліспеуін, өзіне қауіп төндіретін әрекеттің алдын алуларын ескертеді.
Егер сіз осы тектес қылмыстардың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада Түркістан облысының полициясына «102» номері бойынша хабарласыңыз", - деп ескертеді Түркістан облысы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі.