42 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Сарыағаш ауданының инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Жуырда Дархан Сатыбалды Сарыағаш ауданына жұмыс сапарымен барғанда тұрғындар тарапынан бірқатар мәселе көтерілген болатын. Тұрғындар өңір басшылығына аудан орталығындағы республикалық маңызы бар А-15 автомобиль жолынан темір жол станциясына баратын Майлықожа көшесін жөндеу мәселесін көтерген еді. Биыл аталған көшенің 0,7 шақырымына орташа жөндеу құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сарыағаш ауданының әкімі Мұхит Отаршиев аталған көшеге арнайы барып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.
Аудан басшысы нысанды аралау барысында мердігер мекеме және тиісті бөлім басшысына жолдың сапасын назарда ұстап, кемшіліктерді алдын ала анықтап, жою керектігін ескертті.
Қазіргі таңда мердігер мекеме тарапынан асфальт төсегенге дейінгі тас төсеу жұмыстары, аяқжол (брусчатка), және су астауларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары 2023 жылға өтпелі.
Айта кетейік, биыл Сарыағаш қаласында 42 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Сарыағаш ауданы, Жібек жолы ауылдық округі, Дихан баба елді мекенінде 200 орындық Мәдениет үйінің құрылыс жұмыстары басталды. Мәдени нысанға аудан әкімі арнайы барып, жұмысты қадағалады. Бүгінгі таңда мәдени нысанның қабырғасын көтеру жұмыстары қарқынды. Қалған құрылыс жұмыстары да кезең-кезеңімен жүргізіледі. Аталған нысан 2023 жылы пайдалануға беріледі.