2021 жылдың қараша айында қайтарымсыз грант алған.
Сарыағаш ауданының әкімі кәсібін жүргізіп отырған тұрғындардың жұмыс барысымен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін жүргізіп отырған тұрғындардың жұмыс барысымен танысты.
Алдымен аудан әкімі ағаш өңдеу шеберханасына барып, кәсіпкер Бақдәулет Әлімқұловтың жұмысын бақылап, бастаған ісіне сәттілік тіледі. Кәсіпкер алдағы уақытта шеберханасын кеңейтіп, тұрғындарды отандық құрылғылармен қамтуды жоспарлап отыр.
«Бүгінгі таңда ауданымызда жеке кәсіпкерлер қатары артып жатыр. Ауданымызда түрлі саладағы кәсіптердің қарқынды дамып келе жатқандығы бізді қуантады. Дана халқымыз «Еңбек – ырыстың қадірі» деген сөз бар, бастаған ісіңізге сәттілік тілеймін, атқарып жатқан еңбегіңіздің берекесін берсін!», - деді аудан басшысы.
Бұдан соң аудан әкімі Сарыағаш қаласындағы электрлік қызмет көрсету орталығына барып, жеке кәсіпкер Жасұлан Дүйсектің жұмыс барысын көрді. Кәсіпкер 2021 жылдың қараша айында қайтарымсыз грант алып, бүгінде өз кәсібін дөңгелетуде. Электрлік қызмет көрсету орталығының иесі кездесуде аудан әкіміне жұмыс барысы жайлы айтып, алдағы жоспарымен бөлісті.