Ақ жаулықты аналар ауданның өсіп-өркендеуіне тілектес екендерін жеткізді.
Сарыағаш ауданында көпбалалы аналарға құрмет көрсетілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
15 мамыр — халықаралық отбасы күніне орай Сарыағаш ауданының көпбалалы аналарына құрмет көрсетілді.
«Ауданымызда соңғы үш жылда бала туу көрсеткіші артты. Бүгінде 70 мыңнан астам отбасы бар. Оның ішінде 19518-і — көпбалалы отбасылар. Ал 5500-ден астам ана «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегерлері болса, 1-ші, 2-ші «Ана даңқымен» марапатталғандар саны — 264. Сондай-ақ 169 батыр анамыз бар. Отбасылық құндылықтарды сақтауға, балаларды тәрбиелеуге үлес қосып, көпке үлгі бола білген аналарға тілек-лебізімізді жеткізу үшін жиналдық. Сіздерге отбасылық бақыт пен дендеріңізге саулық тілеймін»,—деген аудан басшысы Арман Айдарұлы арнайы сыйлықтар, алғыс хаттар мен гүл шоқтарын табыстады.
Мереке қарсаңында жаңадан отау көтерген жас отбасыларға неке куәлігі мен аудан әкімінің сый-сыяпаты берілді. Кездесуге қатысқан аналар сөз алып, ризашылығын білдірді. Ақ жаулықты аналар ауданның өсіп-өркендеуіне тілектес екендерін жеткізді.