Өмір жолы туралы деректі фильм қалың көрермен назарына ұсынылды.
Сауран ауданының орталығында Нұртас Оңдасыновтың 120 жылдығына арналған «Ұлт қайраткері – Н.Оңдасынов» атты республикалық конференциясы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Сауран ауданының орталығында Мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновтың 120 жылдығына арналған «Ұлт қайраткері – Н.Оңдасынов» атты республикалық конференциясы өтті. Ғылыми жиынды әдебиет зерттеушісі, филология ғылымының докторы, профессор Құлбек Ергөбек жүргізді.
Шараға «Оңдасыновтанушы» жазушы, журналист, Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Гүлсім Оразалиева, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хазіретәлі Тұрсын, журналист, сазгер, ғалым Бекжігіт Сердәлі, «Ұлы Дала Елі» орталығының директоры Гүлжанат Дюсенбекова сонымен қатар басқа да ғалымдар мен оқытушылар қатысты.
Н.Оңдасыновтың өмір жолын және оның республиканың әлеуеті мен экономикасын дамытуға, қазақ ғылымы мен мәдениетін, қазақ тіл білімін насихаттауға қосқан үлесін кеңінен насихаттауға бағытталған конференцияның ашылу салтанатында оның өмір жолы туралы деректі фильм қалың көрермен назарына ұсынылды.
Сонымен қатар шара барысында аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев, облыстық мәслихат депутаты Баймахан Сүлейменов пен аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев мінберден құттықтау сөздерін оқып, Н.Оңдасыновтың өмірі мен шығармашылығы туралы баяндамалар жасалды.
Өз кезегінде Құлбек Ергөбек Оңдасыновтың мемлекетті 13 жыл әділ басқарғанын, сондай-ақ оның басты қасиеті – еңбекқорлығы екенін баса айтты. Міне, осылайша 1922-1927 жылдар аралығында Ташкент орман шаруашылығы техникумында оқып, 1938-1951 жылдары Қазақстан үкіметін басқарып, 1954-1955 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы болып сайланып, қазақ үшін аянбай еңбек еткен қайраткердің артына қалдырған мұрасын елге жеткізу мақсатында ұйымдастырылған конференцияның кейінгі ұрпаққа берері мол екені кеңінен насихатталды.