ТҮРКІСТАН: Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның отырысы өтті

0
1 067

6 жинақ, 1 тізім және 1 монографияны баспаға шығаруға ұсыныс жасалды.


ТҮРКІСТАН: Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның отырысы өтті

Түркістанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссиясының кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Жиынға Түркістан облысындағы белгілі тарихшылар мен ғалымдар, архив қызметкерлері, тиісті сала жетекшілері және бірқатар БАҚ басшылары қатысты.


Келелі басқосуда сөз алған Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, оның маңыздылығын атап өтті.


Аталған комиссия құрамы Түркістан облыстық мәслихатының 2021 жылғы 4 ақпандағы шешімімен бекітіліп, сәйкесінше, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша жұмысшы топ құрылған.


Кездесуде белгілі болғандай, биыл саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның міндеттерін іске асыруға қажетті басқа да шығыстарға жергілікті бюджеттен 45 млн. теңге қаралып, қазіргі таңда заңға сәйкес тиісті жұмыстар жүргізілуде.


Өңірлік комиссияның баспа қызметінің жоспарына сәйкес, құжаттар мен мақалалар жинағы, монография, архивтік құжаттар жинағы жылдың соңына дейін жарыққа шығады деп жоспарланған.


Осыған байланысты, бүгінгі комиссия отырысына жұмысшы топтың зерттеу жұмыстарының нәтижесімен жинақталған 6 жинақ, 1 тізім және 1 монографияны баспаға шығаруға ұсыныс жасалды.


Сонымен қатар, жұмысшы топпен өңірлік комиссияның қарауына облыстық архивтегі ашық және жабық қор құжаттары негізінде дайындалған, нұсқаулықта көрсетілген баптар бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған азаматтар және Түркістан облысының қоғамдық-саяси тарихы архивінде құрылған жұмыс тобы дайындаған Сыр-Дария округіндегі мал-мүлкі тәркіленген бай-кулактар тізімі ұсынылды.


Жалпы алғанда, қылмыстық жауапкершілікке тартылған 2085 адам, мал-мүлкі тәркіленген 3090 бай-кулак, Бостандық көтерілісіне қатысқандардың 32 адамның тізімі толық ақтауға ұсынылатындар ретінде комиссия қарауына шығарылды.