«Серпін-2050» бағдарламасы жастарға серпін береді.
Түркістан облысының жастарын түрлі өңірлерге «Серпін-2050» мемлекеттік бағдарламасымен оқу шақыру жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Елімізде Оңтүстіктегі жастарды солтүстікте оқытып, көшіруді мақсат еткен «Серпін-2050» бағдарламасы 2014 жылы бастау алды. Талай жас теріскейге барып, білім алды, біразы сонда тұрақтап қалды.
Бұл бағдарлама тек ауыл түлектеріне арналған. Биыл бағдарлама шеңберінде елімізде 2022-2023 оқу жылына 3653 грант бөлінген. Оған Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Жетісу облыстарының түлектері қатыса алады. Ал гранттар Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар, Қарағанды, Қостанай облысы облыстарында орналасқан университеттерге бөлінеді. Гранттар білім, техникалық ғылым, ауыл шаруашылығы мен медицина саласын қамтиды.
Былтыр қыркүйек айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына жасаған сапарында: «Биыл «Серпін» бағдарламасы бойынша жастарға арнап 3700-ге жуық грант бөлінді. Оның 800-ден астамын түркістандықтар иеленді», - деген болатын. Аталған бағдарлама биыл да жалғасып жатыр. Таяуда Келес ауданының мектеп бітіруші түлектеріне «Серпін-2050» мемлекеттік бағдарламасы насихатталды.
Кездесу аясында Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтытының педагогика және филология факультетінің деканы, белгілі айтыскер ақын Айбек Қалиев институттың ерекшелігін айтып, түлектерді «Серпін-2050» мемлекеттік бағдарламасымен Қостанай облысына оқуға шақырды.
«Серпін» бағдарламасы елімізде 2014 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатыр. Сол жылдан бері Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтына Түркістан облысы бойынша түлектерді шақырумен айналысып келемін. Бұл бағдарламаның тиімді жақтары өте көп. Осы бағдарлама арқылы түлектер солтүстік аймақтардағы жоғары оқу орындарында арнайы грантпен оқи алады. Біздің Арқалық педагогикалық институты тек қана педагог мамандарды дайындайтын оқу орны болғандықтан біздің түлектерімізге сұраныс өте көп. Жастар оқыған өңірлерде қоныстап қалған жағдайда толық жұмысқа орналаса алады. Соның ішінде Астана қаласында жұмысқа орналасуға мүмкіндіктері жоғары. Сондай-ақ, бұл бағдарламада түлектер жалпы конкурсқа түспейді, себебі «Серпін» бағдарламасына бөлінген гранттарға жеке конкурс ұйымдастырылады», - деді Айбек Қалиев.
Сондай-ақ, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті өкілдері мен аудандық Жастар ресурстық орталығының мамандары бірлесе отырып, бітіруші түлектерге «Серпін-2050» бағдарламасының маңыздылығын және тиімділігін түсіндіріп, ашық форматта әңгімелесті.
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-і «Жастарға қызмет көрсету және NEET санатындағы жастармен жұмыс жүргізу» бөлімінің ұйымдастыруымен өңіріміздегі Сауран, Сайрам, Төлеби, Бәйдібек аудандарының мектеп түлектеріне «Серпін-2050» мемлекеттік бағдарламасы насихатталған болатын.
Алдағы уақытта «Серпін-2050» мемлекеттік бағдарламасы бойынша басқа да аудан, қалаларда түсіндірме жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланған.