ТҮРКІСТАН: Шардарада 1306 шақырым қашыртқы тазаланады

0
148

Орындалғаны –1137 шақырым.


ТҮРКІСТАН: Шардарада 1306 шақырым қашыртқы тазаланады

Шардара ауданында 6 ауыл округте су арналары механикалық тазалаудан өтуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтың шардаралық шаруалармен кездесуі барысында ағын су мәселесі көтеріліп, шағымдары зерделенді. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов аудандағы жағдайды баяндап, іске асырылып жатқан жобалардың есебін ұсынды.


Қазіргі таңда Шардара ауданында 6 ауыл округте су арналары механикалық тазалаудан өтуде. Жалпы 1306 шақырым қашыртқыны тазалау көзделген, орындалғаны –1137 шақырым.


Жұмыс атқарушы “Тұран-Су” МКК-нің басшысы Досхан Лесов жоба бойынша бекітілген қашыртқы 959 шақырымды құрайтынын, шаруалардың өтінішімен жобадан тыс 347 шақырымы қосымша тазаланғанын баяндады.


Атқарылған жұмыстың нәтижесінде ауданда 26 мың гектардан астам алқаптың мелиоративтік жағдайы мен ағын сумен қамтылуы жақсарады деп күтілуде.


Қ.Тұрысбеков, Қоссейіт, Көксу, Ұзын-ата, Ақшенгелді, Достық ауыл округтеріндегі жұмыстардың барысын бақылаған облыс әкімінің орынбасары суармалы жер көлемін арттыруға бағытталған жобалармен де танысты.


– Ағын су тұтынуда шаруалардың талап-тілегі заң аясында сараланып, жүйеленуі тиіс. Әсіресе, су ақысының төлеміне қатысты ешқандай сұрақ туындамауы қажет. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, шаруашылықтардың өзекті мәселелері мен ықтимал тәуекелдеріне тұрақты түрде мониторинг жүргіземіз. Шаруалармен өткен басқосуда айтылған мәселелерді назарға алып, талдау жүргізуді тапсырамын. Түйткілді мәселенің түйінін тарқатуда біз ең алдымен оның заңдылығын қамтамасыз етуге міндеттіміз, – деді Нұрбол Тұрашбеков.


Сонымен қатар Шардара ауданында 4 канал күрделі жөндеуден өтуде. Қазіргі таңда 53,5 шақырымның 31,2 шақырымында жұмыс аяқталды. Нәтижесінде, 3616 гектарға су жеткізу жақсарып, қосымша 600 гектар жер айналымға қосылады деп күтілуде.

Бөлісу