ТҮРКІСТАН: Шардарада «Инватакси» қызметі жанданып келеді

0
1 659

Жастайынан тағдырдың тәлкегіне түсіп, кемтарлықтың қамытын киген мүмкіндігі шектеулі жандарға қанша жақсылық жасасақ та артықтық етпейді. Өйткені – олар қоғамнан мейірім мен қамқорлық күтеді.


ТҮРКІСТАН: Шардарада «Инватакси» қызметі жанданып келеді

Түркістан облысы, Шардара ауданында мүмкіндігі шектеулі жандарды тасымалдауға арнайы «Инватакси» орталықтары ашылып, сапалы қызмет көрсетіп келеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Зағип, мүмкіндігі шектеулі, мүгедек жандар қоғамымыздың ең әлсіз бөлігі. Оларға деген қамқорлық қашанда назардан тыс қалмай бірінші кезекте болғанда ғана өздерін қоғамның айырылмас бір бөлігі ретінде сезінуіне ықпал етері сөзсіз.
Осы мақсатта Шардара ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі де бірқатар жұмыстар атқарып келеді. Нақтырақ айтар болсақ, алты айда ВИЧ инфекциясына шалдыққан 2 баланың ата-анасына жергілікті бюджеттен 663,6 мың теңге қаржы қаралса, үйде тәрбиеленіп-оқытылатын 83 бүлдіршінге 11426,9 мың теңге жәрдемақы төленген. Мұнан да басқа І, ІІ және ІІІ топтарда тіркелген 3233 мүмкіндігі шектеулі жанның 213-не емдік-сауықтыру орындарына жолдамалар берілген.
Сонымен қатар, үстіміздегі жылдың басында Шардара ауданында «Инватакси» қызметі ашылып, бүгінде 164 мүмкіндігі шектеулі азамат аталмыш қызметті толығымен пайдаланып отыр. Оның ішінде бүйрек жетімсіздігі бар 5 тұлға Сарыағаш, 6 тұлға Жетісай қалаларына қатынап ем қабылдаса, күндізгі қатынау бөліміне 42 жан, ДЦП диагнозымен 21 бүлдіршін есіту қабілеті нашар 18 азамат пен көру қабілеті нашар 28 азамат және қол арабаға таңылған 26 мүмкіндігі шектеулі жан күнделікті қатынап, тиісті емдерін қабылдайды.
Аудандық орталық емхананың дәрігерге дейінгі кеңесінің шешімімен жүріп-тұруы қиын мүгедек балаларға, бірінші, екінші топтағы мүгедектерге емдеу мекемелері мен қоғамдық орындарға тасымалдауда «Инватакси» қызметінің 3 автокөлігі үздіксіз қызмет көрсетуде.