91 жұмыссыз адам тұрақты және уақытша жұмысқа орналасқан.
Шардара ауданында кәсіп ашқандардың саны артқан, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Шардара ауданында нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша бірқатар нәтижелі жұмыстар атқарылып, жемісін беріп отыр. Нақтырақ айтар болсақ, “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасына биылғы жылдың соңына дейін жоспардағы қатыстырылуы тиіс 3872 адамның 3682-сі қатыстырылып үлгерген. Оның ішінде 1165 тұлға жұмыссыз болса, 1961 адам нәтижесіз жұмыспен қамтылғандар, ал, 556 адам жұмыс іздеушілер санатындағылар.
Аталған бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 2021 жылы қысқа мерзімді оқытуға 5,6 млн теңгеге 30 азамат Шардара қаласындағы №16 колледжге құрылысшы және балықшы мамандықтары бойынша оқуға жолданған. Оқуын тәмамдағандардың тұрақты жұмысқа орналасуы да оң шешімін тапқан. Мұнан бөлек, ауданда пробациялық есепте тұратындардың да тұрмысын жақсартуда жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Атап өтсек, ауданда жыл басынан бері өткізілген бос жұмыстарының жәрмеңкесі арқылы мүмкіндігі шектеулі 8 азамат, пробациялық қызмет есебінде тұратын 4 азамат пен алимент төлеуші 8 азамат, 91 жұмыссыз адам тұрақты және уақытша жұмысқа орналасқан.
“Жыл басынан бері 4 рет бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылса, оның екеуі осы пробация есебіндегі азаматтарға арналды. Жалпы жәрмеңкелерге 156 адам қатысқан. Жәрмеңкеге қатысушылардың ішінен 115 адам жұмысқа орналасқан. Сонымен қатар, пробация есебінде тұратын 85 адамның 13-і8 алимент төлеуші жәрмеңке аясында жұмыспен қамтылды. Әкімнің квотасы арқылы 3 тұлға тұрақты жұмысқа тұрған”,- дейді Шардара аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Нартай Майханов.
Ал, бағдарламаның екінші бағыты шеңберінде 2021 жылы 180 азаматты “Бастау Бизнес” жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланғанымен 201 азамат кәсіпкерлік негіздеріне оқуға жолданып, 183 шардаралық сертификат алған.
Кәсіпкерлік саласы бойынша білімін кеңейтіп, ісін бастағандардың бірі Шолпан Нышан. Негізгі мамандығы бірінші дәрежелі аспазшы болғанымен түрлі салаларда жұмыс жасап, нәпақы тауып келген. Соңғы 2 жылда тапсырыспен торттар мен мерекелік тәттілерді пісіруді бастаған ол арнайы бизнес-жоспар жасап грант алуға орталыққа ұсынады. Жобасы мақұлданып, биыл 583 мың мемлекеттік грантқа қол жеткізген. Алған қаржысын мақсатты жұмсап, жұмысын жандандыруға қажетті аппараттарын алған.
“Бастау Бизнес” жобасы бойынша оқып, бизнес жоба жасадым. Жобам мақұлданып, 1 айда қаражат алдым. Қазір жалғыз өзім істеп жатырмын. Алдағы уақытта мұнан да үлкен белестерді бағындырып, өзіме көмекші алсам деймін. Келесі жылы тағы көптеу суммаға, яғни, 2-5 млн теңгенің аралығында берілетін грантқа қатысу ниетім бар. Жұмыс істеймін, кәсібімді ашамын деген азаматтарға осындай мүмкіндік беріп отырған мемлекетке, орталық қызметкерлеріне айтар алғысым шексіз”, - дейді жас кәсіпкер.
Күніне 6-7 торт пісіретін Шолпан кәсібін жүргізу жолында әлеуметтік желіні де тиімді пайдаланып, тәттілерінің түрлеріне тапсырысты сол жерден де қабылдайды екен. Өнім бағасы тапсырыс берушінің талғамына қарай 6 мың теңгеден басталып, 100 мың теңгеге дейін жетеді екен.