Мәселе жыл басында көтерілген.
Келес ауданы, Ұшқын елдімекенінде шекараның бейтарап аймағындағы каналдар тазалануда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев жыл басында Ұшқын ауылдық округінің тұрғындарымен кездескен болатын. Сол кездесуде тұрғындар Өзбекстан Республикасынан бастау алатын В-15 және В-24 ағын су каналдары мен шекараның бейтарап аймағын механикалық тазалаудан өткізу мәселесін көтерген. Бүгінгі таңда қажетті қаржы қарастырылып, бұл каналдар тазаланып жатыр. Тұрғындар көтерген мәселелер бойынша арнайы іс шара жоспары істеліп, жүйелі шаралар атқарылу үстінде.
Осы орайда аудан әкімі Жәнібек Есенұлы бекітілген кестеге сәйкес, Ұшқын ауылдық округінің тұрғындарымен тағы да кездесті. Кездесу барысында өткен жиында көтерілген түйіткілдердің шешілуіне тоқталған аудан басшысы алдағы міндеттерді атап өтті.
«Тұрғындар көтерген мәселелерді шешу – біздің басты міндетіміз. Сіздер қозғаған мәселенің бірі Ұшқын елді мекеніндегі ауызсу алаңшасын жаңарту болатын. Бүгінде жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеу жұмыстары жүргізілді. Тиісті қаржысын бөлдіруге жергілікті бюджетке ұсыныс берілген. Сонымен қатар, Достық елді мекеніндегі ауыз су ұңғымасының насосын ауыстыру бойынша қазіргі таңда қаржы қарастырылып, мемлекеттік сатып алу жүргізіліп, жеңімпаз анықталды. Алдағы аптада ауызсу ұңғымасының сорғысы ауыстырылатын болады. Ал Достық және Қоралас елді мекендеріне табиғи газ тарту бойынша көтерген мәселе бойынша жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, қаржы қарастыруға ұсыныс берілді. Бүгінгі таңда республикалық бюджеттік комиссияда қаралуда», - деді аудан әкімі.
Кездесуге аудан әкімімен қатар, аудандық мәслихаттың депутаттары, аудан әкімі аппаратының бөлім басшылары, дербес және құрылымдық бөлімдердің басшылары қатысты. Тұрғындар бұл жолғы кездесуде каналдарды механикалық тазалау, көпірлерді реттеу, әлеуметтік ғимараттарды жөндеуден өткізу бағытында өз сұрақтарын жолдады. Көтерілген мәселелер бойынша арнайы хаттамалық тапсырма түзіліп, орындалуы бақылауға қойылды.