ТҮРКІСТАН: Скринингтік тексеру сүт безі обырын ерте сатысында анықтауда

0
1 037

Сүт безі обыры – қатерлі ісік ауруларының ең көп тараған түрі.


ТҮРКІСТАН: Скринингтік тексеру сүт безі обырын ерте сатысында анықтауда

Түркістан облысындағы медициналық мекемелерде Дүниежүзілік сүт безі обырымен күрес күніне орай ашық есік күні өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Облыстық клиникалық аурухананың №5-ші емханасында өткен шара аясында келушілерге арналып маммолог-дәрігерлердің кеңесі мен УДЗ-ден өткізу ұйымдастырылған. Сүт безі обыры – қатерлі ісік ауруларының ең көп тараған түрі. Қатерлі дерт алғашқы сатысында байқалмайды. Сол себепті скринингтік тексеруден өту оны неғұрлым ерте анықтап, емделіп шығуға мүмкіндік береді. Аталмыш емханада өткен ашық есік күнінде 54 әйел тексеруден өтті.

Түркістан облысы Кентау қалалық емханасында да сүт безі қатерлі ісігінің алдын алу айлығы аясында ашық есік күні өтті. Нәтижесінде, екі әйелде қатерлі ісік табылды. Емхана биыл жаңа маммография және рентген-аппараттарымен жабдықталған. Дәрігерлер соның арқасында халыққа сапалы ем көрсету мүмкіндігіне қол жеткізіп отыр.

Облыстық клиникалық аурухананың №5-ші емхана дәрігерлері Түркістан қалалық орталық ауруханасында әріптестерімен қатерлі ісіктерді ерте сатысында анықтау және емдік шара көрсету тәжірибелерімен алмасты.


«Өкінішке орай, асқынған аурулардың жиі кездесетін себептері дер кезінде медициналық көмекке жүгінбеу, ауруды жасыру, онкологиялық орталықта тексерілу мен емделуден бас тарту, дәстүрсіз ем шараларын қолдану», - дейді емхананың бас дәрігерінің орынбасары Марат Ижанов.


Осыған байланысты, Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасы басшылығының қадағалауымен онкологиялық ауруларды ерте диагностикалауды жақсарту мақсатында жұмыстар күшейтілген. Биылғы жылғы 9 айдың ішінде облыс бойынша қатерлі дертке шалдыққан жаңадан 138 науқас есепке алынды.