Қаз етінің 1 келісі 3500 теңгеге сатылады.
Созақ ауданының азаматы Қалдыбай Сәтжанов қаз асырауды қолға алды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүгінде қаз өсіріп, мол табысқа кенеліп отырғандардың саны көбейіп жатыр. Себебі, күй талғамайтын үйрек пен қаз ет, май, қауырсын мен мамықты молынан береді. Сондай кәсііпкерлердің бірі – Созақ ауданы, Қарақұр ауылының тұрғыны Сәтжанов Қалдыбай. Ол сұр және помес деген екі түрлі тұқымды қаздың жиырмадан астамын асырап жатыр. Алдағы уақытта қаз санын көбейтіп, сол арқылы табысын еселеуді жоспарлап отыр.
"Әрі дәмді, әрі адам ағзасына пайдалы құс етіне деген сұраныс мол. Сондықтан мал асырағанға қарағанда қаз баққан тиімді. Оның үстіне қазір малға жем-шөп тауып беру де қиын. Ал, қаз суыққа төзімді, жем-шөпті көп керек етпейді және тез оңалады. Ол аз десеңіз, қаз етінің 1 келісі 3500 теңгеге сатылады", – дейді кәсіпкер.
Сондай-ақ, бағбан алдағы уақытта инкубатор арқылы қаз санын көбейтпек. Наурыз айында қаз жұмыртқалай бастағанда жүзден астам балапан аштырамын деген жоспары бар.
Бүгінде кәсіпкер қаз жұмыртқаларын ауыл адамдарына сатып жүрсе, етін еліміздің әр өңіріне жөнелтіп келеді.