Сайысқа 63 жастан асқан үміткер қариялар қатысты.
Түркістан облысы, Созақ ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында халықаралық қарттар күніне орай «Қарттарым асыл қазынам» атты аудандық ардагерлер арасындағы өнер байқауы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Шараға Созақ ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйытқы болды. Аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйінде өткен байқауға әр ауылдық округтер мен кенттерден 63 жастан асқан үміткер қариялар қатысты.
Шараның мақсаты - аудан көлеміндегі үлгілі, білімді де, саналы қадірлі ақсақал, қарияларымыздың бойындағы жақсы да өнегелі қасиеттерін бүгінгі жас ұрпақ арасында кеңінен насихаттау.
Сайыскерлер 3 талап бойынша өзара мықтыны анықтады. Атап айтсақ, қариялар өзін өзі таныстыру, бата беру, өз өнерлерін көрсету талаптары бойынша би, шешендердің сөздерінен үзінділер айту, қисса, дастан, көркемсөз оқу, күй, терме, дәстүрлі ән орындау сияқты талаптар бойынша өнер көрсетті.
Тартысты өткен сайыста 1 орын Қыземшек кентінен келген Қошқарбаев Сатыбалды иеленді. Жүлделі 2 орын Шолаққорған ауылының қариясы Имашов Өтепбай алды. 3 орынды сызғандық Тоққожаев Махаділдә Сызған еншісінде. Сондай-ақ, көрермен көзайымына ие болған Құмкент ауылынан Жақыпов Жидебай мен Жартытөбе ауыл округінен Еспайұлы Егізтай алғыс хат алды.