ТҮРКІСТАН: Спорт саласында күрделенген мәселе көп

0
419

Дархан Сатыбалды спорт саласындағы кемшіліктерді жоюды тапсырды


ТҮРКІСТАН: Спорт саласында күрделенген мәселе көп

Түркістан облысында биыл агроөнеркәсіптік кешендерді қолдауға 40 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында кәсіби және бұқаралық спортты дамытудың жаңа жоспары немесе стратегиясы әзірленеді. Себебі бұл салада өңірдің әлеуеті толық пайдаланылмай отыр. Бұл туралы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппараттың апталық отырысында айтылды. Өңір басшысы спорт саласын дамыту жұмыстарын жандандыру, түбегейлі өзгерістер жасау жөнінде нақты тапсырмалар берді.


«Облыста бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыру жұмыстарын жандандыру қажет. Спортта күрделенген мәселе көп. Халықаралық сайыстардағы нәтижені жақсарту керек. Мәселенің бәрін қаржыға әкеп тіреуге болмайды. Кезінде бұдан да қиын кезеңде Бекзат Саттарханов сынды чемпионымыз шықты. Бапкерлеріміз солардың ізбасарларын таба білгені жөн. Бұқаралық спортты дамытатын іс-шараларды, сайыстарды, марафондарды көбейтіңіздер. Жыл он екі бойы сайыстар өтіп тұруы керек. Жалпы спорт саласын дамыту бойынша сараптама жасап, жаңа саясат, жоспар әзірлеуді тапсырамын», – деді Дархан Сатыбалды.


Жиында футбол клубтарын қаржыландыруға демеушілерді тарту, бәсекеге қабілетті мықты команда жасақтау, қаржыны олимпиадалық және басқа да спорт түрлеріне бағыттау, «Артспорт» бағдарламасына өзінің спорт ғимараты мен білікті бапкерлері бар кәсіпкерлерді шақыру, спорт федерацияларының жұмысын жандандыру, спорт саласына білікті кадрлар мен мамандарды қабылдау, «Бәйшешек» спорт базасының жұмысын жүйелеу және өзге де мәселелер көтеріліп, ұсыныстар берілді. Сонымен бірге шахматты ауылдарда жаппай дамыту мәселесі де айтылды.


Түркістан облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараевтың айтуынша, облыстың спорт мекемелерінде спорттың 61 (29 олимпиадалық, 32 олимпиадалық емес) түрі дамытылып, онда 2426 жаттықтырушы 60 мыңға жуық шәкіртті шыңдап жатыр. 2023 жылдың 9 айында облыс спортшылары спорттың 61 түрі бойынша Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен кубоктарына қатысып, 375 алтын, 271 күміс, 277 қола, жалпы 923 медаль жеңіп алды.


Азия чемпионаттары мен кубоктарында 90 алтын, 56 күміс және 33 қола медальға қол жеткізсе, әлем чемпионаттары мен кубоктарында облыс спортшылары 49 алтын, 27 күміс және 11 қола медальға ие болды. Ал жуырда аяқталған жазғы Азия ойындарында түркістандықтар 2 күміс, 2 қола еншілеген. 2024 жылы Париж қаласында өтетін жазғы Олимпиада ойындарына облыстан 11 үміткер спортшы дайындалуда.


2023 жылға дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын барлық жастағы тұрғындар үлесін 42 пайызға жеткізу көзделсе, шұғылданушылар саны 9 айдың қорытындысымен 888 804 адамға жетіп, облыстағы жалпы халықтың 41,63 пайызын құрап отыр.