Барлық шығын өтеледі.
Түркістан облысында табиғи апаттан зардап шеккендерге толық көмек көрсетіледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
2022 жылғы 24 сәуірде Түркістан облысы Қазығұрт, Сарыағаш аудандарында жауын-шашын мен Кентау қаласында қатты жел соғып, табиғи апат болды.
Құтқару жұмыстарына облыстық төтенше жағдайлар департаментініңжәне жергілікті атқарушы органдардың 100-ден аса қызметкері жұмылдырылды. Олар 15 бірлік техника, 13 мотопомпа күштерімен суды сору және арықтарды тазалау жұмыстарын жүргізді.
Табиғи апат салдарынан 50 адам қауіпсіз аймаққа көшірілген. Адам шығыны жоқ. Алдын ала есеппен, 53 үйдің ауласына, 19 үйге, 1 мейрамхана мен 16 ғимаратқа су кіргені анықталды. Сонымен қатар, 370 бас мал шығыны орын алды.
Орын алған жағдайға байланысты, ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, облыс әкімінің төрағалығымен арнайы комиссия құрылды. Облыстық бюджеттің резервтік қорынан қаржы қаралып, келесідей көмек көрсетілетін болады:
1. Үй жануарларының шығынына ережеге сәйкес өтемақы төленеді;
2. Тұрғын үйлер қайта қалпына келтіріледі;
3. Ғимараттар мен тұрғын үйлердің шатыры қалпына келтіріледі;
4. Шаруашылық ғимараттарды қалпына келтіруге көмек көрсетіледі.
Қазіргі таңда, комиссия тарапынан орын алған шығындар көлемі есептелуде.