ТҮРКІСТАН: Су тасу қауіпі бар аймақтар бақылауда

0
858

Каналдың арнасын тазалау және қауіпті аймақтарын күшейту тапсырылды.


ТҮРКІСТАН: Су тасу қауіпі бар аймақтар бақылауда

Түлкібас ауданындағы су қоймалары мен каналдардың жағдайы бақылауға алынған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түлкібас ауданының әкімі Нұрлан Байғұт жауапты мамандармен бірге аудан аумағындағы су қоры жиналған Сарытөр мен Құлан су қоймаларын және жауын-шашын салдарынан тасу қауіпі бар каналдардың жағдайын бақылады. Бірінші кезекте аудан басшысы 1 млн. текше метр су қорына шақталған Сарытөр су қоймасында болып, су жарып шығу қауіпі бар деген тұстарын аралады. Аралау барысында тиісті бөлім басшысына қауіпті аймақтарға қатысты нақты тапсырмалар жүктеп, алдын алу бойынша тиісті тұлғаларға хат жолдауды тапсырды. Қазіргі таңда су қоймасында 500 мың текше метрге жуық су бар.


Содан кейін, Нұрлан Мархабатұлы Құлан су қоймасына табан тіреп, су нысанының бүгінгі жай-күйімен танысты. Аталмыш су қоймасының сыйылымдығы 1 млн. 700 мың текше метр болса, бүгінгі таңда 600 мың текше метр су бар. Су тасу қауіпі жоқ.


Аудан әкімі сонымен қатар, Тастұмсық ауылдық округіне ат басын бұрып, былтыр көктем мезгіліндегі қатты жауын-шашын салдарынан суы арнасынан тасыған Шохаман каналының жағдайын бақылады. Тастұмсық ауылының батыс беткейінде орналасқан су нысанына бастау суынан бөлек қатты жауын-шашын салдарынан ауыл маңында орналасқан 300 метрдей аумағына қырдан жиналып аққан су құйылады. Аудан әкімі канал бойын жаяу аралап, ауыл әкіміне каналдың арнасын тазалауды және қауіпті аймақтарын күшейтуді тапсырды. Аталған жұмыстарға бір апта мерзім белгілеп, өз бақылауында ұстайтындығын жеткізді.