​ ТҮРКІСТАН: Суға батып бара жатқан егде жастағы ер азамат құтқарылды

0
1 917

Оқиға 2019 жылдың 15 маусымы күні сағат 19:00 шамасында Түркістан облысы Шардара қаласы Сырдария өзені бойында орын алды.


​ ТҮРКІСТАН: Суға батып бара жатқан егде жастағы ер азамат құтқарылды

Түркістан облысы, Шардара АПБ-нің жергілікті полиция қызметкерлері өзен маңында жүргізілген рейдтік іс-шарасы кезінде өзгенге ағып бара жатқан адамды құтқарып қалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шардара АПБ-нің жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналды полиция тобының инспекторы, полиция капитаны Шаукат Ибадуллаев әріптесі Айдана Наханшақызымен бірге өзен маңын рейдтік іс шара аясында торуылдап келе жатып, кенет суға батып бара жатқан адамның жан дауысын естиді. Екеуі судың ішінде көмекке шақырып, батып бара жатқан егде тартқан ер азаматты көреді. Әп-сәтте тәуекелге бел буған Шаукат бірден суға сүңгіп кетеді. Шапшаңдық танытып бар күш-жігерін жинап, тезірек ер азаматты судан аман алып қалу үшін жүзе жөнеледі. Ақыры иығына салып, дәрменсіз азаматты жағаға алып шығады. Және санаулы секундтардың ішінде су түбіне батып бара жатқан кісіні құтқарып, өлім аузынан аман алып қалады. Жағада тұрған әріптесі Шардара АПБ ЖПҚБ ювеналды полиция тобының инспекторы, полиция аға лейтенанты Айдана Наханшақызы екеуі бірлесіп құрғақ киіммен орап, алғашқы медициналық көмектерін де көрсетеді. Содан соң уақыт жоғалтпай әлгі ер азаматты өз көліктеріне салып алып емханаға қарай зулайды.

Бүгінгі таңда суға батып кетпекші болып, алайда сақшының ерлігінің арқасында аман қалған ағамыз емханада ем қабылдап жатыр. Денсаулығы қалыпты. Өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.

Ажалға араша болған Шаукат Ибадуллаев ішкі істер органы қатарында 2005 жылдан бастап қызмет істеп келе жатқан тәжірибелі маман. Өзі сегіз қырлы бір сырлы өнерлі жігіт. Облыстық жарыстарда, байқауларда бақ сынап жүрген талантты өнерпаз, тәжірибесі толысқан тәртіп сақшысы. Батыр полицей отбасылы, үш қыз бір баланы бағып өсіріп отырған бақытты әке.

Кейіннен белгілі болғандай су біршама терең екен. Ерлік жасаған сақшыны әңгімеге тартқанымызда,

«Бұл ешқандай да ерлік емес, санаулы уақытта көзді ашып жұмам дегенше тез-тез өткен оқиға болды. Не болғанын өзім де түсінбей қалдым. Суға батып бара жатқан әлгі адамды көре салысымен бірден суға сүңгіп, бар ойым тек сол азаматты құтқару, аман алып қалу болды. Полицей ретінде айтарым, суға түсерде әрбір азамат қауіпсіздік шараларын ескеріп, абай болса екен...», - дейді, сақшы.

Ал, өз кезегінде аяқ астынан өзенге шомыламын деп, батып кете жаздаған азамат өлім аузынан аман алып қалған полицейдің шапшаңдығы мен батырлығына бар ықыласымен алғысын жаудырды