ТҮРКІСТАН: Сырдария бойындағы тұрғындар шіркейге таланып, жас төлдер өліп жатыр

0
815

1 миллионнан астам тұрғын зардап шегіп, жас төлдер өліп жатыр екен.


ТҮРКІСТАН: Сырдария бойындағы тұрғындар шіркейге таланып, жас төлдер өліп жатыр

иллюстрациялық фото ашық дереккөзден

Түркістан облысының тұрғындары шіркейге таланып, шырылдап отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


2023 жылдың 15 наурызында Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Бахтыбек Убайдин өңірде шыбын-шіркейді залалсыздандыру жұмыстары басталатынын мәлімдеген еді.


"Өңірдегі елдімекен аумақтарында көктем-жаз мезгілінде шыбын-шіркей және қос қанатты қансорғыш жәндіктердің көбеюі байқалады. Бұл жағдай тұрғындардың күнделікті тіршілігіне зиянын тигізуде. Осы ретте Сырдария өзені бойында орналасқан елдімекен аумақтарында және Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Шардара, Отырар, Сауран аудандарында, яғни 6492 га алаңда дезинсекциялық жұмыстар жүргізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, су көлеміне байланысты Сырдария өзенінің суы биологиялық әдіспен өңделеді", - деген ол баспасөз жиынында.


Сонымен қатар, спикердің дезинсекция шараларын өткізуге мемлекеттік сатып алу конкурстары жүргізілгенін және «Satti Tulik» ЖШС өңірде шыбын-шіркей және қос қанатты қансорғыш жәндіктердің санын азайту үшін жұмыс жүргізетінін айтқан.


"Қазіргі таңда дезинсекциялық жұмыстарды бастау үшін лабороторялық зерттеулер жүргізіліп, жәндіктердің даму сатылары анықталып жатыр. Жақын арада дезинсекция жұмысын бастаймыз. Дәрілер жеткілікті. Біз 3 түрлі әдіспен, яғни, ұнтақ шашу, суға дәрі себу және дезинсекциялау жұмыстарын істейміз", - деген «Satti Tulik» ЖШС директорының орынбасары Қайрат Ерменов.


Алайда, бірнеше күннен бері Сырдария бойында орналасқан аудандардың тұрғындары шіркеймен күресіп, әлек болуда. Шіркей халықтың мазасын алғанымен қоймай, жаңа туылған төлдердің өліп кетуіне де әсер етіп жатыр екен.


Әсіресе, Отырар ауданының тұрғындары төрт-бес күннен бері шіркейден мезі болғандарын айтып, әлеуметтік желілер арқылы мәселені көтеріп жатыр. Олардың айтуынша, шіркей жұмыртқасынан жаңа жарып шыққан қырғауылдың балапандарын, қоянның көжектерін де жеп қойып жатыр.


"Жылқының, сиырдың жаңа туған төлі де шіркейге шыдай алмай өліп кетіп жатыр. Бұған не істеуге болады?", - дейді шіркейден зәбір көріп, амалы таусылған отырарлықтар.


Бұл тұрғыда қоғам белсендісі, табиғат жанашыры. "Байтақ" жасылдар партиясының өкілі Ғани Назарбек те желіге пікірін білдіріп, мәселенің мән-жайын айтып жатыр.


"Шіркей Түркістан облысының бірнеше ауданын басып алған. Жетісайда қатты көп емес, бірақ бар. Шіркей Шардарадан бастап Шиеліге дейінгі аралықтағы 1 миллионнан астам тұрғынды әбігерге салуды. Бұған себеп - табиғи тепе-теңдіктің бұзылуы. Кәсіби ғылыми зерттеу жүргізілмей, шіркей мәселесі шешілмейді. Түркістан облысында шіркеймен күресуге 644 миллион теңге бөлініпті. Бөлінген қаржының дұрыс игеріліп жатқандығын бақылайтын боламыз. Қазір шіркейдің таралу аймағы жыл сайын 10-15 шақырымға кеңейіп барады. Түркістан облысында Сырдария бойын мекен еткен халық ширкейге талануға мәжбүр. Ел басшыларына айтудай-ақ айтты. Құлақ асып жатқан жан бар ма?", - дейді Ғани Назарбек.


Ал, облыс әкімдігінің баспасөз қызметі өңірде жәндіктер мен өзге де зиянкестерге қарсы дәрілеу, дезинфекциялау жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Әкімдік жауабына сүйенсек, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының тапсырысына сәйкес, дернәсіл шіркейлермен күресу үшін "bacillus thuringiensis" негізінде бактериялық препараттарды суға жіберу әдісі қолданылған.


Ресми дерекке сәйкес, жалпы өңірде дезинсекция шараларын өткізуге 644,4 млн. теңге жұмсау жоспарланған. Ал, бірнеше жылдан бері осы мәселемен бетпе-бет келіп, қосқанаттыларға қарсы тұра алмаған тұрғындар "шіркей дәрілеген сайын көбейіп жатыр ма?" деп шағымданып жатыр.