ТҮРКІСТАН: Тағы бір ауыл көгілдір отынмен қамтылды

0
871

Шардара ауданы толық табиғи газбен қамтылатын болады.


ТҮРКІСТАН: Тағы бір ауыл көгілдір отынмен қамтылды

Шардара ауданындағы Қоссейіт ауылына табиғи газ берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Шардара ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай Қоссейіт ауылын табиғи газ көзіне қосу бойынша ұйымдастырылған салтанатты шараға қатысып, ашылу лентасын қиды. Шарада алғаш сөз алған аудан басшысы бірінші ауыл тұрғындарын құттықтап, өз ыстық лебізін білдірді.


"Құрметті Қоссейіт ауылының тұрғындары, ауылдарыңыздың табиғи газ көзіне қосылуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн сіз бен біздің асыға күткен қуанышымыз дер едім. Өйткені, талай жылдан бері көмір мен отын жағып қиналған тұрғындар үшін көгілдір отынның берілуі үлкен жеміс деп білемін. Баршамыздың ауызбіршілігіміз бен табандылығымыздың арқасында осы күнге жетіп отырмыз. Бұдан бөлек, аудан орталығына газдандыру құрылысы бойынша бірқатар шағынаудандарда кезең-кезеңімен аяқталуда. Бұйырса мұнан кейін Шардара қаласы, Қ.Тұрысбеков ауылы және Жаушықұм ауылдары кезегімен газ көзіне қосылатын болады. Қымбатты жерлестер табиғи газды игіліктеріңізге пайдалана отырып, отбасыларыңыздан жылу мен береке арылмасын.Осындай қуанышты күндеріміз көп болсын", - деді Қ.Жолдыбай.


Сондай-ақ, Шардара ауданы бойынша "ҚазТрансГазАймақ" АҚ директоры Нұрхан Шыңғысбек және ауыл ардагерлері мен ақсақалдары құттықтау сөз сөйледі. Сонымен қатар шараға қатысқан тұрғындар өз алғыстарын білдірді.


Қазіргі кезде Қоссейіт ауылындағы 750 тұрғын үй 5011 тұрғын көгілдір отынмен қамтылып отыр. Шардара ауданында 10 ауылдық округ және 1 қала орталығы бар, 8-і табиғи газ көзіне қосылған. Ал бүгінгі күні Шардара қаласын көгілдір отынмен қамтамасыз ету бойынша кезең-кезеңімен құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қаладағы құрылыс жұмыстары аяқталса ауданның 80 пайыздан астамы газдандырылатын болады. Сонымен қатар, Қ.Тұрысбеков ауылын 2022 жылдың аяғына дейін, ал Жаушықұм ауылын табиғи отынмен қамту жұмыстары 2023 жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Яғни бұл жоба аяқталса ауданы толық табиғи газбен қамтылатын болады.