"«Жұмабектің бажасы» шықты" - Түркістан облысының тұрғыны мобильді топқа қарсылық көрсетті

0
1 157

"Мен любой жерге жауап берем".


Түркістан облысы Құтарыс ауылынан карантин ережесіне бағынғысы келмеген азамат анықталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Еліміздегі пандемияға байланысты төтенше жағдай жарияланғалы бері той, жиын жасауға тыйым салынғаны баршамызға аян. Күні кеше облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев коронавирустың алдын алу үшін жан-жақты сақтық шараларын қолға алып, өңірдегі әр тойхананы бір-бір полицей күзетсін деп тапсырма берген еді. Сонымен қатар, эпидахуалдың ушығып бара жатқанын ескерген өңіріміздің Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің орынбасары Асқар Бекболатұлы «Сайрам және Төлеби ауданы аумағында карантин мен шектеу шараларын қатаңдатутуралы» №18 қаулысының орындалуына қатысты шектеу шараларының күшейтілгенін де ескерткен.


Десе де, ел арасынан жасырын той жасап жатқандар да анықталып жатыр. Олардың жүздеген адамды жинауына мүмкіндік жасап отырған тойхана иелерінің де мұндай басбұзарлыққа тікелей қатысы бар. Мысалы, Сайрам ауданында құрылған мобильді топ кезекті тексеру жұмыстары барысында сондай азаматтардың бірін анықтаған. Аталған заңбұзушылық жайлы Сайрам ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі ресми парақшасында жариялады.

«Құтарыс ауылдық округіндегі "Шапағат" тойханасы өз жұмысын тоқтатпай, тойды тойға ұластырып қана қоймай, заңға бағынбауда. Мобильді топтың жұмысына кедергі жасауымен қоймай, балағаттап, боқтап, "мен любой жерге жауап берем" деп қарсылық көрсетілгені айтылған ресми хабарламада.


Аталған ақпаратқа сүйенсек, Дүйсенбеков Шәріпбек есімді азамат карантин тәртібін бұзға тұра, мобильді топтың жұмысына кедергі келтіріп, «бәрін өзім шешемін» деп қасарысқан.

Айта кетейік, оқиғаның ізін ала аудандық полиция бөлімі мен мобильді топ мүшелері тойханаға күзет қойған.