ТҮРКІСТАН: Тамыз айында өңірдегі ең үздік өнерпаздар анықталады

0
699

Мақсат – ұлттық мәдениет пен өнерімізді дамыту, жастар арасында ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымызды дәріптеу, келешек ұрпақты салауатты өмір салтына бейімдей отырып, қаланың туристік әлеуетін дамыту.


ТҮРКІСТАН: Тамыз айында өңірдегі ең үздік өнерпаздар анықталады

Түркістанда облыстық «Өнерлі өлке» фестивалі өтіп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Биыл Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толып отыр. Осынау қысқа ғана уақыттың ішінде өңір мен облыс орталығы түрленіп, жаңаша кейіпке еніп үлгерді. Тарихы тереңде жатқан шаһарда жүздеген нысан бой көтеріп, адам тәнті боларлықтай өзгерді десек, артық айтқандығымыз болмас. Оның үстіне қазір мұнда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістанға тарихи және рухани елорда мәртебесін беру тапсырмасы бойынша қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр. Өз кезегінде, облыстық мәдениет және туризм басқармасы мен осы салаға қатысты мекемелер де руханият саласының жаңғыра түсуіне өзіндік үлестерін қосып келеді. Алдағы уақытта да облыс мерейтойына арналған көптеген іс-шара өткізілмек. Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметінде арнайы баспасөз жиынын өткізген қала әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев, мәдениет және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қонысбеков Әділ, САҚ киностудиясының директоры Нуриддин Паттеев пен облыстық бейнелеу өнері музейінің директоры Айнабек Оспанов мәлім етті.


Брифингте алғаш болып сөз кезегін Әділ Нұржанұлы алып, облыс аумағында жыл басынан бері атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сөз барысында мәлім болғандай, қазір облыс орталығында ұлттық мәдениет пен өнерімізді дамыту, жастар арасында ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымызды дәріптеу, келешек ұрпақты салауатты өмір салтына бейімдей отырып, қаланың туристік әлеуетін дамыту мақсатында облыстық «Өнерлі өлке» фестивалі өтіп жатыр. Сәуір-шілде айлары аралығында «Visit Turkistan» орталығы алаңы мен «Этноауыл» кешенінде өтетін фестивальге 17 аудан, қаланың ең үздік көркемөнерпаздар ұжымдары мен өнерпаздары қатысып, тамыз айында жеңімпаздар марапатталады.


Сонымен қатар, мамыр айында аймақтық жас эстрада әншілері мен іс-шара жүргізушілерінің арасында екі күн бойы байқау өткен. Оған Шымкент қаласы, Қызылорда, Жамбыл және Түркістан облысының аудан-қалаларынан 125 үміткер өтінім тастап, оның 41-і ақтық сынға қатысыпты. 1995 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан бұл байқаудың мақсаты – дарынды жас эстрада әншілері мен мәдени іс-шара жүргізушілерін анықтап, олардың республикалық және халықаралық байқауларға қатысуына жол ашу.


«Қазіргі уақытта өткізіліп жатқан тағы бір жоба – «Бес жылдыққа – бес әдеби сапар» іс-шарасы. Облыстық «Farab» әмбебап ғылыми кітапханасы ұйымдастырған жоба аясында кітапханашылар, өңір өнерпаздары, мәдениет саласының майталмандары мен зиялы қауым өкілдері Тараз, Алматы, Астана және Қызылорда қалаларына сапар шегіп, облысымыздың мәдениет күндерін өткізді. Әдеби сапар Шымкент қаласында жалғасатын болады. Рухани-мәдени шара аясында қаламгерлермен кездесу ұйымдастырылып, өңірден шыққан ақын-жазушылар облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Дәулетұлының бастамасымен жолға қойылған «Ауыл кітапханаларына 20 мың кітап» акциясына өз үлестерін қосып жатыр», - деді басқарма басшысының міндетін атқарушы.