ТҮРКІСТАН: Тәжік-Ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсетілді

0
1 053

Ерлік көрсеткен ардагерлерімізге арнайы медальдар табысталды.


ТҮРКІСТАН: Тәжік-Ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсетілді

Арыс қаласында Тәжік-Ауған соғысы ардагерлеріне арналған жиын өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Биыл ҚР Қарулы күштері әскерінің Тәжік-Ауған шекарасынан шығарылғанына 20 жыл толды. Айтулы датаға орай Арыс қалалық әкімдігінің мәжіліс залында ардагерлермен кездесу жиыны өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасары Р.Айтбаев, "Nur Otan" партиясының Арыс қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Ділдәбеков, қалалық ардагерлер кеңесі төрағасы Б.Исламбеков, Түркістан облысы Ауғанстан және жер-жердегі соғыс ардагерлерінің төрағасы А.Жұмабеков, Арыс қалалық ауған соғысы ардагерлері Кеңесінің төрағасы Е.Көшкінбаев және Тәжік-Ауған соғысына қатысқан жауынгерлер қатысты. Аталған басқосуда қала әкімінің орынбасары Р.Айбтаев маңызды күн туралы айтып, ардагерлерді айтулы күнмен құттықтады.


«Тәжік-ауған соғысында ел үшін кеудені оққа керген қазақстандық Ішкі әскердің жауынгерлері тәжік-ауған шекарасында айбынды ерліктің не екенін нақты дәлелдеді. Қайтпас қайсарлық, беріспес батылдықтың ерен үлгісін көрсетті. Амал қанша, лаңкестермен кескілескен шайқаста бірнеше бауырымыз қаза болып, қаншама азаматтарымыз жарақат алды. Оларды ұмытпау, ерліктерін ұрпақтан ұрпаққа жеткізу біздің мақсатымыз. Кеудесін оққа тосып, өздерін бейбіт күннің құрбаны қылған жауынгерлердің ерен ерліктері қанша уақыт өткеніне қарамастан ел есінде, ұрпақ жадында сақталуы тиіс», – деді Рысдәулет Пайланұлы.


Сонымен қатар, басқосуда «Ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Б.Исламбеков, Түркістан облысы Ауғанстан және жер-жердегі соғыс ардагерлерінің төрағасы, А.Жұмабеков, Арыс қалалық ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Е.Көшкінбаев сөз сөйлеп, Тәжік-Ауған соғысына қатысып, ерлік көрсеткен ардагерлерімізге арнайы медальдар табысталды.


Айта кетейік, 1993 жылдың 15 сәуірі мен 2001 жыл аралығында, яғни 8 жылға жуық уақыт бойы Қазақстан Республикасының әскерлерінің құрамы Тәжік-Ауған жерінде ұрыс жүргізді. Сегіз жылға созылған ұрысқа сегіз жарым мың қазақстандық қатысқан. Оның ішінде 45 Арыс ауданының ержүрек азаматтары. Шекара бұзған қарулы топтарға тосқауыл қою мақсатында 1993-2001 жылдар аралығында бітімгершілік операциясы жүргізілген.