Дархан САТЫБАЛДЫ: «Төлеби ауданында туризмді дамыту үшін қолайлы жағдай жасау қажет».
Төлеби ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде мәжіліс өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен Төлеби ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде мәжіліс өтті. Онда ауыл шаруашылығы, инвестиция тарту, құрылыс, инфрақұрылым, жұмыспен қамту бағыттары мен балалар қауіпсіздігі талқыланды. Ауданды дамыту бойынша сын-ескертпелер айтылды. Өңір басшысымен қатар жиынға аудан әкімі мен жауапты басқарма басшылары қатысты.
«Біздің басты мақсатымыз – Төлеби ауданының экономикалық даму әлеуетін толық пайдалана отырып, аудан тұрғындары үшін барлық жағдайды жасау. Ол үшін бәріміз жұмыла жұмыс істеуіміз қажет», – деген Дархан Сатыбалды басшыларға бірқатар міндет жүктеді.
Мәжілісте Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов аудандағы жұмыстарды зерделеу қорытындысын баяндады. Жиын барысында ауданды дамытуға кедергі келтіріп отырған өзекті мәселелер мен кемшіліктерге тоқталды.
Мәжілісте аудан әкімі Төлеген Телғараевтың есебі тыңдалды. Жиындағы тапсырмалар хаттамаға енгізіліп, индикаторларды орындау бойынша жауапты басшыларға уақыт берілді. Төлеби ауданын өндірісі және ауыл шаруашылығы дамыған аймаққа айналдыру жұмыстары жалғасады.