ТҮРКІСТАН: Төлебиде бірнеше мектеп-интернат жұмыс істеп тұр

0
1 113

100-ден астам кемістігі бар балаға қызмет көрсетеді.


ТҮРКІСТАН: Төлебиде бірнеше мектеп-интернат жұмыс істеп тұр

Төлеби ауданының әкімі Ленгір қаласындағы бірқатар арнаулы мектеп-интернаттарына барды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев Ленгір қаласындағы бірқатар арнаулы мектеп-интернаттарына барды. Аудан орталығында құлағы нашар еститін балалар үшін Ленгір мектеп-интернаты, тілінде ауыр кемістігі бар балаларға арналған Ленгір көмекші мектеп-интернаты, Ленгір көмекші мектеп-интернаты орналасқан. Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оқу орнындарында оқу корпусы, жатақхана, ас үйі, спорт алаңшалары бар.


Құлағы нашар еститін балаларға арналған білім ордасының негізі 1985 жылы қаланған, 2015 жылы күрделі жөндеуден өткен. Тәрбиеленушілер саны 120, ұстаздар саны 51, тәрбиешілер саны 38. Мекемеде облыс көлемінде балалар келіп, білім алып, ем қабылдайды. Тілінде ауыр кемістігі бар балаларға арналған Ленгір көмекші мектеп интернаты 1964 жылы салынып, бүгінде 223 оқушының білім ошағына, 62 мұғалім мен 55 тәрбиешінің жұмыс орнына айналды. Ленгір көмекші мектеп-интернаты 60 жылға жуық қаншама балалардың өмірде өз орнын тауып, білім алуына көмек беріп келеді. Бүгінгі таңда интернатта 133 бала тәрбиеленуде. 32 мұғалім, 37 тәрбиеші жұмыс істейді.


Аудан басшысы білім беру ошақтарына барып, балаларға жасалып отырған жағдаймен танысты. Сапар барысында оқу корпустарын, асхана мен медицина кабинеттерін, жатақхана ғимараттарын аралап, олардың әрлеу және қосымша жабдықтау жұмыстарымен, балаларға қажетті оқу құралдарымен танысты. Сондай-ақ мектептегі сынып бөлмелерін аралап, оқушылармен емін-еркін әңгімелесу барысында олардың оқуы, тамақтануы, демалуы жайында сұрады. Оқушылардың білімге ғана емес өнерге, спортқа деген ынталарына риза болған Төлеген Тұртайұлы алдағы уақытта оларға үлкен сенім артатындығын жеткізді.


«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа кірген 2022 жылды "Балалар жылы" деп жариялады. «Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі. Сол себепті келесі жылды "Балалар жылы" деп жариялау керек деп есептеймін», деді Президент өз сөзінде. Біз өз тарапымыздан көмекке мұқтаж жандарға барлық кезде қолдау көрсетіп отыруымыз қажет»,- деді аудан әкімі.