ТҮРКІСТАН: Төлебиде бірнеше нысан салынып жатыр

0
862

Құрылыс жұмыстарының уақытында, әрі сапалы атқарылуын назарға алып отыруды тиісті сала басшыларына тапсырды.


ТҮРКІСТАН: Төлебиде бірнеше нысан салынып жатыр

Төлеби ауданының әкімі құрылысы жүріп жатқан нысандарды аралады, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы Төлеби ауданының әкімі Бауыржан Омарбеков Ленгір қаласындағы құрылысы жүріп жатқан бірнеше нысанды аралады. Ең алдымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай салынып жатқан Абай аллеясының құрылыс жұмыстарының барысын байқады.

Келесі кезекте Ленгір қаласындағы 1-мөлтек ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарына шолу жасады. Мұнда 5 қабаттан тұратын әрқайсысы 20 пәтерлі 9 үйдің құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда үйлердің іргетасын құю жұмыстары басталды. Нысан құрылысы 2021 жылға ауыспалы болып жоспарланған.

Сондай-ақ, аудан басшысы Ленгір қаласындағы орталық «Жастық» стадионына барды. Стадионда «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында күрделі жөндеу жұмыстары жүрігізіліп жатыр. Қазіргі таңда жоспар бойынша көрермен орындықтары, трибуна, жүгіру жолы, турник пен брусьялар орнатылуда. Сонымен қатар, алаң аумағы қоршалып, толық жарықтандыру жұмыстары атқарылып жатыр.

Айта кетейік, бұл жұмыстардың барлығы да халық игілігі үшін іске асырылып жатыр. Құрылысы жүріп жатқан нысандардың барлығы тұрғындар сұранысына сай болуы керек. Осы ретте аудан әкімі Бауыржан Бақытұлы құрылыс жұмыстарының уақытында, әрі сапалы атқарылуын назарға алып отыруды тиісті сала басшыларына тапсырды.