100 адамды тұрақты жұмыспен қамтыды.
Төлебиде даңқты балуан Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт кешені ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Төлеби ауданына грек-рим күресінен қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері және Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жақсылық Үшкемпіровтің ұлы Елдос Үшкемпіров, туған-туыстары, достары арнайы келді.
Халқымыздың біртуар перзенті Жақсылық Үшкемпіров спорттағы мансабын аяқтаған соң, белсенді түрде қоғамдық жұмыстарға ден қойып, кәсіпкерлікпен шұғылданды. Жеке шаруашылығын ашып, кәсібін табысты жүргізе білді. 100 адамды тұрақты жұмыспен қамтыды. Қазақтың даңқты спортшысы 2017 жылы «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алып, "Құрмет" орденімен марапатталды.Әйгілі балуан 69 жасында дүниеден озды.
Жақсының өзі кетсе де, өмірлік қолтаңбасы сақталып, аудандағы жекеменшік спорт кешеніне есімі берілді. Спорт жанашыры Мәди Нәбиев орталық саябақ аумағынан жеке қаражатына ауданның 90 жылдық мерейтойына орайластырып «Жақсылық спорт кешенін» тарту етті.
Ауданға арнайы келген қонақтар «Төле би баба» саябағына барып, бабалар рухына құран бағыштады. Ескерткіш жанында естелікке суретке түсіп,даңқты балуанның атын иемденген спорт кешенде самбо және дзюдо күрестеріне жаттығып жүрген балалардың өнерін тамашалады. Бұдан соң аудандық Мәдениет үйінде қазақ балуанын еске алу жиыны өтіп, жасөспірімдер, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға өзіндік үлес қосып жүрген Мәди Нәбиев, аудан әкімі Төлеген Телғараев, ардагер ұстаз Сейітхан Ақтаев «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Аудан жұртшылығы атынан қонақтарға шапан жабылып, Төлеби ауданының 90 жылдық мерейтойына арналған төсбелгі табыс етілді. Алыс-жақыннан келген қонақтар аудан жұртшылығына алғыстарын жеткізді.