Қоғамдық тәртіп пен жол жүру ережелерін бақылайды.
Төлеби ауданында 22 мекен-жайға бейнекамера орнатылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында, тапсырыс беруші «Төлеби аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мен мердігер «Транстелеком» АҚ арасында 29.01.2021 жылғы №1 келісім-шарт жасалды. Келісім-шарт негізінде, қазіргі таңда Төлеби ауданында 22 мекен-жайға 46 бейнекамера орнатылды. Қазіргі таңға бейнекамералар бойынша бақылау жүргізу үшін аудандық әкімдік және аудандық полиция ғимаратына 2 Лед экран, 2 персоналды компьютер қойылды. Аудан аумағында орналастырылған камералар негізінен күндіз-түні қоғамдық тәртіп пен жол жүру ережелерін бақылайды. Бақылау құрылғылары аудан орталығындағы халық көп шоғырланатын орындарға қойылған.
Аудандық бюджет есебінен қаржыландырылған бейнекамералар аудан аумағына кіріп-шыққан көліктің жылдамдығын бақылауға алып, егер ереже бұзса бірден есепке алынып көлік иесіне хаттама толтырылады. Камера орнатылған жерде оқыс оқиға бола қалса, полиция бекетіндегі инспекторлар сол маңдағы сыртқы бейне-бақылау камераларын қарап, мән-жайды бақылай алады. Қылмыс немесе әкімшілік құқық бұзушылық орын алса тез арада жедел басқару орталығының қызметкерлері қылмысқа күдікті немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасаған тұлғаны, автокөлікті анықтап, оны ұстау үшін жергілікті полиция қызметінің жол-патрульдік полиция полкінің автокөліктегі экипаж құрамын жолдайды. Бұдан кейін ұсталған азамат аудан бойынша полиция бөліміне жеткізіліп, тексеру әрекеттері жүргізіледі. Ал, күдік тудырған көліктер туралы ақпарат тиісті орындарға хабарланады. Өндірістік жұмыс кестесіне сәйкес, жұмыстар ағымдағы жылдың қараша айында аяқталып, пайдалануға берілетін болады.