ТҮРКІСТАН: Төлебиліктерді тазалыққа шақырып үндеу жолданды

0
1 830


ТҮРКІСТАН: Төлебиліктерді тазалыққа шақырып үндеу жолданды

"Қала мен ауылымыз, әр көшеміз, ауламыз көрікті, таза әрі жасыл желекті болсын!" деген ұранмен Төлебиліктерге үндеу жолданды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аудандық қоғамдық кеңес мүшелерінің Ленгір қаласы мен барлық ауылдық округ тұрғындарына, мекемелер, ұжымдар, жеке құрылымдар басшыларына, аудандық мәслихат депутаттары мен ауылдық округ ардагерлер кеңесінің төрағаларына, ауыл билеріне, әжелер мен аналар алқасына, аудан жастарына, әрбір отбасы мүшелеріне

ҮНДЕУІ

Құрметті Ленгір қаласы мен ауылдық округ тұрғындары, ауылдық округ тұрғындары, аудандағы мекемелер, ұжымдар басшылары, әрбір отбасы мүшелері!

Аудан орталығы Ленгір қаласы мен аудан аумағындағы барлық ауылдық округтегі елдімекендер Оңтүстік өлкесіндегі табиғаты ең ғажап аймақта орналасқандықтан, баршамыз туған жерімізді мақтан тұтамыз. Алатаудан бастау алатын Бадам, Біркөлік, Сайрамсу, Қасқасу, Ақсу, Балдыберек өзендері Табиғат-анаға нәр беріп, елдің асыраушысы болып келеді. Соңғы жылдары ауа температурасының күрт көтеріле бастауына, тауға қардың, жерге ылғалдың аз түсуіне орай осы тау өзендерінің біртіндеп тартыла бастағаны сезілуде. Ол, ол ма, жазғы маусымда тау баурайындағы демалыс орындарына, табиғат аясына демалушылардың толассыз ағылуына байланысты өзен бойлары, ауыл маңы қоқыс қалдықтарынан арылмайтын болды. Бізді, тәртіптілік пен реттілікті, тазалықты сүйетін әрбір адамды осындай немқұрайдылықтар қатты алаңдатады.

Қадірлі қала және ауыл тұрғындары! Әрбір отбасындағы қариялар, ана-аналар бас болып, жастар мен жасөспірімдер, мектеп оқушыларына дейін қолдау білдіріп, аудан аумағында, қала және ауыл көшелерінде, әр аулада тазалық сақтап, реттілік орнатуды біркісідей қолға алуға шақырамыз. Осының бәрі ең алдымен өзгеге емес, өзімізге байланысты. Тазалық – ең алдымен денсаулықтың кепілі, тәртіптілік пен мәдениеттіліктің үлгісі. Күнделікті өз ауламызда, үй маңында ең алдымен тазалық пен реттілікке мән беріп, егілген гүлдер мен жас көшеттерге қамқорлықпен қарасақ, маңдай теріміз босқа кетпей, аз уақыттың ішінде қаламыз да, ауылдарымыз да бұрынғыдан да көріктене түсінетіні сөзсіз.

Құрметті Ленгір қаласы мен аудандағы әр ауылда тұратын қариялар мен еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдері!
Ата-бабаларымыздың «Қарты бар ауылдың қазынасы бар» деген сөзінде терең мән барын ұмытпай, өздеріңіз, жергілікті билік өкілдері бас болып, жерлестеріміздің ұйымшылдығы мен ауызбіршілігін паш етіп, осы игі істің ұйытқысы болатындарыңызға кәміл сенеміз.

Құрметті төлебиліктер! Біздің әрбіріміз көктемде, күзге бір жас шыбық отырғызып, оның жапырақ жайып, көктеуіне қамқорлық жасасақ, қала мен ауылымыз әлдеқашан жасыл желекке малынар еді. Бұл қолдан келетін, соншалықты ауыр еңбекті қажет етпейтін қайырлы іс.

Әрбір мемлекеттік қызметкер, аудандық мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдары қызметкерлері, ардагерлер, ауыл билері, білім беру мекемелері мен медицина саласы қызметкерлері аудан тұрғындарына ең алдымен өздері үлгі-өнеге көрсетіп, ауласында, өз үйі маңында тазалық пен реттілік орнатып, құлпыртып гүлдер өсіріп, бау-бақшасын жайқалтып, көршілеріне, ауылдастарына өнеге көрсетсе, көпшілік бәрінен үлгі алса, нұр үстіне нұр болар еді. Мұндай тазалық пен реттілік жұмыстары біркүндік немесе науқандық болмай күнделікті дағдыға айналғанын қалар едік.

Осындай игі істерді жүзеге асыруда, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы, ардагерлер кеңесі, әжелер, аналар алқасы, барлық этномәдени орталықтар, «Жастар ресурстық орталығы», аудандағы басқа да ұжымдар осы Үндеуді талқылап, жігерлік танытып, аудан халқына көшбасшы болып, уақыт созбай бірінші болып, осы игі істі бастағаны жөн деп ойлаймыз.
Көкірегі ояу, түсінігі мол азаматтар ауданымызда көп. Бұл Үндеу олардың бәрінен қолдау табатындығына сенеміз.
Әр отбасы мен мекеме ұжымдары өз ауласында тәртіп пен реттілік, тазалық орнатып жасыл желектерге, гүлдер мен ескерткіштерге, түрлі кескіндерге қамқорлық жасауын өтінеміз.

Білім беру мекемелерінің ұстаздары да осы игі істен шет қалмайтынына сенім мол.
Аудандық қоғамдық кеңес мүшелері қала мен ауыл тұрғындарын, мекемелер мен ұжымдарды, жеке кәсіпкерлерді, барша қауымды осы Үндеуге үн қосуға, белсенділік пен ұйымшылдық танытуға шақырады.

Елге еңбегі сіңіп, Төлеби ауданының Құрметті азаматы атанған қаншама жерлестеріміз бар. Олар да осындай жақсы істің, игі бастаманың басы-қасында жүріп, көпшілікке өз ісімен өнеге көрсетер деген үміттеміз.