ТҮРКІСТАН: Түлкібаста қызғалдақ фестивалі өтті

0
3 389

Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Шұбайқызыл шоқысы еліміздің «Қызыл кітабына» енгізілген Грейг қызғалдағы ең көп өсетін аумақ.


ТҮРКІСТАН: Түлкібаста қызғалдақ фестивалі өтті

Қаратау мен Алатаудың түйіскен тұсында орналасқан Шұбайқызыл шоқысында жылдағы дәстүрге сай «Ақсу-Жабағылы алауы, Шұбайқызыл-жалауы!» атты қызғалдақтар фестивалі басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Шұбайқызыл шоқысы еліміздің «Қызыл кітабына» енгізілген Грейг қызғалдағы ең көп өсетін аумақ. Бұл қызғалдақтар Қазығұрт, Төлеби, Бәйдібек өңірлеріндегі таулы аумақтарда кездеседі. Жылына бір рет небәрі 10-15 күн ғана гүлдейтін қызғалдақтар тіршілік жаңарған шақта 15-20 гектардай жерді алып жатқан алқап қызыл кілемге оранғандай әсем түрге енеді.

2018 жылдан бастап табиғатымыздың көркем сыйларының бірі қызғалдақты дәріптеп, кейінгі ұрпаққа бар маңыздылығын жеткізу мақсатында «Ақсу-Жабағылы алауы, Шұбайқызыл-жалауы!» атты қызғалдақтар фестивалін өткізу Түркістан өңірінде дәстүрге айналған.

Айтулы шарада алғаш болып сөз алған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев жиылған жұртты биылғы қызғалдақ фестивалінің ашылуымен құттықтады.

«Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында Қазақстан алма мен қызғалдақтың Отаны екенін айтты. Тіпті, қызғалдақ Қазақ даласынан Еуропа елдеріне Ұлы Жібек жолы арқылы жетті деген дерек бар. Бұл – біз үшін мақтаныш әрі үлкен жауапкершілік. Бүгінгі іс-шараның мақсаты - қоршаған ортаны, соның ішінде қызғалдақты қорғауға шақыру, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы туған жерді түлету, туризм мен тарихи орындарды насихаттау бағытындағы міндеттерді орындау. Ендеше сұлулықтың символындай қызғалдақтарымыз мәңгі құлпырып, Түркістан облысы гүлдене берсін!», – деді Мәлік Нұржанұлы.

Ал танымал жазушы «Алаш» сыйлығының иегері Мархабат Байғұт Шұбайқызыл шоқысын сақтап, оны ерекше қорғауға алу керектігін айтты. Жұртшылыққа гүлді жұлмау керектігін ескертті.

Дәстүрлі шара барысында «Шұбайқызыл – Қызғалдақтың Отаны» театрландырылған қойылымы мен «Шұбайқызыл Қызғалдағым» сазды-хореографиялық көріністері қойылды.

Фестиваль аясында «Шұрайлым, Шұбайқызылым» атты жас қаламгерлер мен композиторлардың байқауы жаңа форматта өткізілді. Шара барысында аталмыш байқаулардың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Сондай-ақ, фестивальде «Ұлы дала ұраны – Қызғалдақ фестивалі» табиғатты қорғаушылар шеруі өтіп, «Табиғат сақшылары» атты облыс аймағындағы мемлекеттік қорықтардың көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар, жиналған жұрт «Қызғалдақ сарайы» облыстық суретшілер көрмесін тамашалап, шара «Шұбайқызыл» шоқысына жалпыхалықтық саяхатқа ұласты.