Шара аясында делегация өкілдері 1915 жылы «Алаш» қайраткері, тұңғыш қазақ инженері Мұхаметжан Тынышпаевтың туннельмен барды.
Биыл қоғам және мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың туғанына 125 жыл толуына орай Түлкібас ауданында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Осы орайда Түлкібас ауданында "Nur Otan" партиясы Түркістан облыстық филиалы, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен Түлкібас ауданы әкімдігі ұйымдастырған "Ұлт тарихындағы жарқын тұлға" шарасы өтті.
Ең алдымен аудан жұртшылығы Сұлтанбек Қожанов пен Тұрар Рысқұловтың туғанына 125 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Ақсүмбе мен Ақсу-Жабағылы арасы» автосапарына қатысушылар мен қонақтарды күтіп алды.
Шараға облыс әкімінің орынбасары С.Қалқаманов, "Nur Otan" партиясы Түркістан облыстық филиалы Төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаев, Түркістан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасар-хатшысы Ғ. Рысбеков, аудан әкімі Н.Тұрашбеков, жазушы, халықаралық Алаш сыйлығының иегері М.Байғұт, философия және теология ғылымдарының докторы Досай Кенжетай және БАҚ өкілдері қатысты.
Делегация өкілдері 1915 жылы «Алаш» қайраткері, тұңғыш қазақ инженері Мұхаметжан Тынышпаевтың басшылығымен соғылған Жаскешу ауылдық округі Рысқұл ауылының маңында орналасқан туннельмен танысып, Т. Рысқұловтың ата қонысы Рысқұл ауылындағы күрделі жөндеуден өткен ауылдық клубтың ашылу салтанатына қатысты. Сонымен қатар, қонақтар Түлкібас кентіндегі тоғыз жолдың торабы - Түркісіб теміржолының бойында орналасқан қос қайраткер - М.Тынышпаев пен Т.Рысқұловтың ескерткішіне арнайы барып, гүл шоқтарын қойды.
Бұдан бөлек, Т. Рысқұлов атындағы тарихи-өлкетану мұражайымен танысқан делегация «Тұңғыш Президент» саябағына ат басын тіреді. Түлкібас ауданының 90 жылдық мерейтойына орай жөндеуден өтіп қайта жаңғырған саябақта келген қонақтарды ұлттық киімдегі жүзден аса қыз келіншектер күтіп алып, Түлкібас ауданының брендтерінің бірі - алма жемісін келген қонақтарға тарту етті.
Айтулы шара «Тұңғыш Президент» саябағында көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың 125 жылдығына арналған «Ұлт тарихындағы жарқын тұлға» атты тақырыптағы салтанатты жиынмен қорытындыланды.
Облыс әкімінің орынбасары С.Қалқаманов Тұрар өмірі жайлы қысқаша баяндама жасаса, "Nur Otan" партиясы облыстық филиалы Төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаев қазақ халқының болашағы үшін күрескен тұлғаларды кеңінен насихаттау қажеттігіне тоқталды.
Айта кетейік, қазақтың қос тау тұлғасы - С.Қожанов пен Т. Рысқұловтың туғанына 125 жыл толуына орай "Nur Otan" партиясының облыстық филиалы ұйымдастырған "Ақсүмбе мен Ақсу-Жабағылы арасы" экспедициясы кеше Созақ ауданында бастау алып, бүгін Түлкібас ауданында мәресіне жетті.