Әкімдердің тұрғындармен кездесулері де тұрақты түрде жалғасып келеді.
Түркістан облысында әкімдердің тұрғындармен кездесулері тұрақты түрде жалғасып, онда көтерілген мәселелер шешімін табуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында аудан, қала әкімдерінің тұрғындармен кездесулері тұрақты түрде жалғасып, онда көтерілген мәселелер шешімін табуда. Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтың «Бірлік» секторы тұрғындарымен кездесуінде де маңызды мәселелер көтерілген болатын. Өтініштер назарға алынып, тапсырмалардың орындалуы түзілген жоспарға сай жүзеге асырылуда.
Атап айтқанда, «Бірлік» секторының 49 көшесіне кәріз жүйесі жүргізілді. Секторға қарасты Сарысу көшесіне интернет байланысын күшейту мақсатында қабылдағыш құрылғылары орнатылып жатыр. Тұрғындардың ұсынысына сәйкес, Еділ көшесіндегі көгалды аймақтың күтімі үшін су ұңғымасы қазылып, сондай-ақ, тұрғындардың сұранысы бойынша №16 қоғамдық көлік халыққа қызмет етіп жатыр. Ал Шамил Дүрия, Алғабас, Үржар көшелерінде ойын алаңшаларының құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ықылас көшесін көгалдандыру қолға алынып, ағаш көшеттері егілді.
Бұдан бөлек, «Яссы» секторына қарасты А.Юсупов көшесіндегі тұрғын үйлер нөмірі жүйелендіріліп, аталған көшенің тұрғындарының өтініші бойынша аймақтағы жол тұйықтары реттелді. Т.Бокин көшесіндегі көпқабатты үйлердің аулалары абаттандырылып, асфальт төселді. 5-ші көше және И. Алтынбек көшелеріндегі су ұңғымалары реттелді. Р.Тойшыбаев көшесіндегі электр қуаты, тұрғын үйлердің ауыз су мәселесі шешімін тауып, жол қайта қалпына келтірілді. Сонымен қатар Кентау тас жолы бойы тазаланып, көгалдандырылуда.
Тұрғындарының сұранысына орай, №2, №2а қоғамдық көліктер бағыты ұзартылып, Сақ қорған көшесінде балалар ойын алаңшасының құрылысы басталды. Байдалы, Шоқтас Майлыкент көшелеріне ұялы байланыс құрылғысы және И. Алтынбеков, Р.Тойшыбаев көшелеріне бақылау бейнекамералары орнатылды.Тұран мөлтек ауданындағы электр желілері және трансформаторлар қайта жаңартылуда. Үстірт, Қарасай батыр, Есет батыр көшелеріндегі жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Кездесулерде халық тарапынан көтерілген мәселелер назарға алынып, оларды шешу бойынша жұмыстар жалғасады.