ТҮРКІСТАН: Тұрғындардың мәселесі қоғамдық қабылдауда тыңдалып жатыр

0
340

Тұрғындарды толғандырған мәселелер шешімін табуы тиіс


ТҮРКІСТАН: Тұрғындардың мәселесі қоғамдық қабылдауда тыңдалып жатыр

Түркістан облысының «Ашық әкімдік» кеңсесінде кезекті қоғамдық қабылдау өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының «Ашық әкімдік» кеңсесінде кезекті қоғамдық қабылдау өтті. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев өңір тұрғындарының арыз-өтініштерін тыңдады. Қабылдауға жазылған 10 азамат маңызды мәселелер жөнінде талап-тілектерін жеткізді.


Әкім орынбасарымен бетпе-бет кездесуге Ордабасы, Сайрам, Отырар, Созақ, Жетісай аудандары мен Түркістан қаласының тұрғындары арнайы келді. Шағымдар мен ұсыныстардың басым бөлігі: білім, мәдениет, және ақпараттық салаларға қатысты болды. Атап айтқанда, мектептерді күрделі жөндеуден өткізу, жаңа білім нысандарын салу, мекемелерге басшы тағайындау, мәдениет үйлерін жөндеу бойынша қаржыландыру, негізсіз жұмыстан босату жөнінде талаптар зерделеніп, сондай-ақ пилоттық жобалар ұсынылды.


Азаматтармен кездесуге облыс әкімдігіне қарасты жауапты басқарма басшылары мен орынбасарлары, аудан, қала әкімінің орынбасарлары шақырылып, көтерілген проблемалар мен туындаған сұрақтар қаралды. Талқылай келе, Бейсен Дәулетұлы мұң-мұқтажын жеткізген тұрғындардың өтініштерін қайта сараптап, жауап жолдауды тапсырды.


«Мен ай сайын облыс тұрғындарының талап-арызына құлақ түру үшін қоғамдық қабылдауды тұрақты түрде өткіземін. Бүгін де жетекшілігімдегі салалар аясында арыз-талаптарды қарадық. Қабылдауға келгендердің бірі ауылдың проблемасын арқалап келсе, енді бірі жеке мәселесінің шешілуін сұрайды. Көп жағдайда белсенді азаматтарымыз өзекті әрі күрделі түйткілдерді қозғап, халық мүддесі үшін шырылдап, алаңдайды. Оларды мұқият тыңдап, мемлекеттік органдардың ресми жауабына сүйене отырып, заң аясында қарастыруға қаншалықты мүмкіндік бар екенін анықтадық», - деді Б.Тәжібаев.