ТҮРКІСТАН: Түркістанда алғаш рет «Күзгі марафон» қайырымдылық шарасы өтті

0
1 258

Игі шараның негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау.


ТҮРКІСТАН: Түркістанда алғаш рет «Күзгі марафон» қайырымдылық шарасы өтті

Кеше ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің бастамасымен «Мейірімділік үлгісі» акциясы шеңберінде Түркістанда алғаш рет «Күзгі марафон» қайырымдылық шарасы өткізілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Спорттық шараға Түркістан облысында орналасқан барлық құқық қорғау органдарының және заң саласының 300-ден астам қызметкері, оның ішінде облыстық сот пен прокуратура, Полиция, Ұлттық қауіпсіздік, Экономикалық тергеу, Қылмыстық-атқару жүйесі, Төтенше жағдайлар, Кірістер және Әділет департаменттерінің басшылық және жеке құрамы, әскери қызметшілер қатысты.

Марафонға қатысқандардың арасында облыстық Полиция департаментінің басшысы, генерал Қ.Дәлбеков, облыстық соттың Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Т.Бекімбетов және басқа да басшылар болды.

Игі шараның негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау, сондай-ақтұрмысы төмен, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан жасөспірімдерге қоғам болып қаржылай қолдау көрсету.

Әрбір қатысушы ерікті түрде 1000 теңге және одан жоғары қатысу жарнасын төлей отырып, қайырымдылық шараға өз үлестерін қосты.

Киелі өңірде алғаш рет өткізілген қайырымдылық марафоны «Президенттік миль» дәстүрлі жеңілатлетикалық жүгірісі ретінде 2400 метр қашықтықта өткізіліп, жарыс жеңімпаздары кубокпен және арнайы жүлделермен марапатталды.

Шара соңында марафоннан түскен 500 мың теңгеге жуық қаражат «Түркістан Жоғары медицина» колледжінде білім алып жатқан әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан жасөспірімдердің оқу жылының бірінші жартыжылдық оқу ақысына төленді.

Алдағы уақытта ізгілік жолындағы игі істер «Мейірімділік үлгісі» аясында Департаменттің бастамасымен ұйымдастырылып, әрі қарай өз жалғасатын табатын болады.