Болашақта шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ секілді үстел ойындарына арналған бөлек мектеп ашуды жоспарлап отырмыз. Ол Кентауда немесе Түркістанда орналасуы мүмкін
Алдағы уақытта Түркістан облысында үстел ойындарына арналған спорт мектебі ашылады – деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Бұл туралы Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Полат Қырықбаев айтып өтті.
"Кентауда тоғызқұмалақ қатты дамыған. Барлық мектепте тоғызқұмалақтан сабақ өтіледі. Болашақта шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ секілді үстел ойындарына арналған бөлек мектеп ашуды жоспарлап отырмыз. Ол Кентауда немесе Түркістанда орналасуы мүмкін", - деді П.Қырықбаев.
Жиын барысында Шардарадағы қол күрес спортының жайыда сөз болды. Чемпиондар шағын қалалардан көптеп шығатынын сөз еткен Полат Наурызбайұлы алдағы уақытта Шардарадан ауқымды істер жүзеге асатындығын жеткізді.
"Шардарада тек қол күрес емес, спорттың өзге түрлеріде жақсы дамуда. Қазір ондағы жастар оннан астам түріміен шұғылданып жатыр. Жақында облыстық мектеп ашылды. Қол күреспен 2000 жуық адам айналысуда. Олардың ішінде жастар мен жасөспірімдер және ересектер де бар. Жақында 10 шардаралық әлем чемпионы атанып келді", – деді басқарма басшысы.