«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру мәселесі талқыға түсті.
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің вице-министрі Түлкібас ауданында болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Ауылдық елді мекендерде ұялы байланыс пен тұрақты байланыс сапасын арттыру және дамыту мәселесін бақылауға байланысты мәжіліс Қаратөбе ауылдық округінде өтті. Жиынға ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің вице-министрі - Асхат Елубайұлы Оразбек, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекомункациялар комитетінің Шымкент қаласы және Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары бойынша өңіраралық байланыс инспекциясының басшысы - Тоқтагулов Ержан Даулетұлы, Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы - Янабаев Ерлан Жумаевич арнайы келді. Мәжілісті аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы жүргізіп отырды. Басқосуға, сондай-ақ, KCELL АҚ-ның өкілдері, БАҚ өкілдері және ауыл тұрғындары қатысты.
Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Вице-министрі Оразбек Асхат Елубайұлы өз сөзінде қазіргі кезде республика аумағында «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының жүзеге асыру барысы жөнінде әңгімеледі. Республиканың барлық елді мекендерінің кең жолақты интернет желісіне қол жетімділігі, сонымен қатар ондағы интернет-байланыстың жылдамдығы мен сапасы жайы жиын барысында сөз болды. Кең жолақты интернет желісіне қолжетімділік, ұялы байланыспен және жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету бағдарламасына енгізілмеген ауылдық елді мекендерді (бірінші кезекте білім беру, денсаулық сақтау ұйымдарын және жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарын) балама технологиялармен қамтамасыз ету мүмкіндігін қарастырылып жатқандығын айтты.
Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекомункациялар комитетінің Шымкент қаласы және Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары бойынша өңіраралық байланыс инспекциясының басшысы Тоқтагулов Ержан Даулетұлы былтырғы жыл ұялы байланыс операторлары өздерінің лицензиялық міндеттемелері шеңберінде халық саны 250 адамнан және одан да көп елді мекендерді, сондай-ақ республикалық және облыстық маңызы бар барлық автомобиль және темір жолдарды ұялы байланыспен қамтамасыз етуге міндетелгенін айтты. Дәл осы бағытта бүгінде елді мекендерді интернет желісіне қосу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, осы жылдың аяғына дейін ұялы байланыс операторлары өздерінің лицензиялық міндеттемелері шеңберінде 3143 ауылдық елді мекендерде 3 Мбит/с кем емес қосылу жылдамдығымен төртінші буынның (LTE) ұялы байланыс қызметтерімен қамтамасыз етуге міндеті жүктеліп отыр.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Кселл» АҚ арасында халық саны 250 тұрғыннан көп елді мекендерді кеңжолақты интернетпен қамту бойынша бекітілген ынтымақтастық Меморандумы негізінде 2020 жылы Балдыберек, Төңкеріс, Ұйымшыл, Ақбастау елді мекендеріне мобильді интернетпен қамтитын мачталық антенна орнату жұмыстары жүргізілу қажет болатын. Қаратөбе, Балдыберек, Қостөбе, Майбұлақ елді мекен тұрғындары мұнда ұялы байланыс құралдарының антенналары орнатылғанмен сапасы сын көтермейтіндігін жеткізді. "KCELL" АҚ атынан келген өкілдер ауылдық округтің байланыс сапасын және интернет жылдамдығын арттыруды қазан айының бірінші жұлдызына дейін толықтай бітіруге жергілікті тұрғындар алдында уәде берді. Ұялы байланыс және интернет сапасы министрліктің бақылауында тұрады және де қазан айында тексеру жұмыстарын жүргізу үшін арнайы өкіл келеді.
Басқосуға қатысқан ауылдық округ әкімдері, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағалары ұялы байланыс сапасы жөнінде өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, оған вице-министр жауап берді. Жиынды аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы қорытындылап, келген қонақтарға аудан халқына ұялы байланыс желісі жөнінде түсіндіргеніне алғысын білдірді.