ТҮРКІСТАН: «Жайлы мектеп» мердігерлерінің өтініштері мен ұсыныстары тыңдалды

0
441

Өңір басшысы жұмысты жандандыруды тапсырды.


ТҮРКІСТАН: «Жайлы мектеп» мердігерлерінің өтініштері мен ұсыныстары тыңдалды

Түркістан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 63 мектеп салу жоспарланған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгінде сол білім нысандарының құрылысы қалай жүргізіліп жатыр? Қандай проблемалары бар? Нысандар мерзімінде тапсырыла ма? Осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеу мақсатында облыс әкімдігінде арнайы жиналыс өтті. Оған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Ерлан Исабеков, аудан, қала әкімдері, жауапты басқарма басшылары және мердігерлер қатысты. Өңір басшысы жұмысты жандандыруды тапсырды.


«Мектеп салу бойынша міндеттеме алған мердігерлер жұмысты уақтылы әрі сапалы атқаруы тиіс. Аудан, қала әкімдіктері мен жауапты басқармалар тарапынан инфрақұрылым бойынша қолдау көрсетілсін. Бүгін сіздермен жолығудағы мақсатымыз – құрылыс барысын пысықтау. Кедергілер мен мәселелер болса, жасырмай айтыңыздар. Шешуге күш салайық. Бұл мектептер уақтылы тапсырылуы керек. Бізге құрылыс аяқталатын нақты мерзімін айтыңыздар. Жүйелі түрде жұмыс атқарып, құрылысты аяқтау керек. Білім ұяларын білікті басшылар мен ұстаздармен қамту да өзекті», – деді Дархан Сатыбалды.


Жиында Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы «Жайлы мектеп» жобасы президенттің бақылауында тұрғанын мәлімдеді.


«Ұлттық жобаның мақсаты – апатты мектептерді, үш ауысымды оқытуды және оқушы орындарының тапшылығын жою. Түркістан облысында халықтың тығыздығын ескере отырып, 2023-2025 жылдары 63 білім беру нысанын, оның ішінде 2023-2024 жылдары 29 мектептің құрылысын жүргізу көзделген. Қысқа мерзімде жобалар құнының қымбаттауына жол бермей, мектептер салуға арналған жобалау-сметалық құжаттамаларға мемлекеттік сараптаманың оң қорытындыларын алуды қамтамасыз ету керек. Нысандар құрылысының қарқынын ұлғайтып, оларға инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізуді жеделдеткен жөн. Биыл 1 қыркүйеке дейін 15 мектепті және жылдың сонына дейін 14 мектепті толық көлемде тапсыру қажет. Облыстық білім басқармасы жаңадан құрылатын мекемелер үшін жұмыс жүргізетін мектеп басшылығы, педагог кадрлармен және оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар қабылдауы тиіс», – деді Ерлан Исабеков.


Жиында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеровтың, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның басқарма тқрағасының орынбасары Амангелді Саттаровтың баяндамалары тыңдалды. Мердігерлер де көкейде жүрген сұрақтарын қойып, мәселелер көтерді. Әсіресе, «Е-құрылыс» электронды порталы арқылы құрылыс жұмыстарының төлемдерін жүргізу қиындық тудырып отыр. Бұл туралы тиісті ұсыныстар берілді.


Айта кетейік, 2024 жылы пайдалануға берілетін 29 мектептің 4 мектебі инженерлік инфрақұрылыммен қамтылған. 25 мектепке сараптама қорытындылары алынып, құрылыстарына облыстық бюджеттен қаржысы қаралған. Бүгінгі таңда барлық мектептердің мердігерлері анықталып, құрылыс жұмыстары басталған. Инфрақұрылым жүйелерінің құрылысын 15 маусымға аяқтау жоспарланаған. Абаттандыру және жолдардың құрылыстары 1 тамызға аяқталады. Мектептердің құрылыс жұмыстары бойынша аудан әкімдіктермен, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның өкілдерімен, мердігерлермен, арнайы штаб құрылып, жұмыс бақылауға алынған.