ТҮРКІСТАН: Жайылымдық жерлер 100 % сумен қамтылады

0
1 421

Облыста 300 мың гектар суармалы жер бар.


ТҮРКІСТАН: Жайылымдық жерлер 100 % сумен қамтылады

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жұмыс сапарымен Түркістан облысына келіп, су шаруашылығы нысандарының жағдайымен танысты, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Арыс ауданындағы ««Көксарай су реттегішіне» барған ведомство басшысы нысан бөгетінің беріктігін арттыруға және реконструкция жасауға арналған жобалық-сметалық құжатты тездетіп аяқтауды тапсырды.

Айта кетейік, қазіргі уақытта министрлік облыста «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдірудің екінші фазасы (ИДЖЖЖ-2) жобасын жүзеге асыруда. Жоба облыстағы 62 мың гектар суармалы жердің мелиоративті жағдайы мен сумен қамтуды жетілдіруге мүмкіндік береді. Сонымен бірге суару кезеңіндегі су жоғалту көлемі 199 млн.м3-қа дейін азайып, жайылымдарды сумен қамту 65%-дан 100%-ға жетеді. Жоба аясында 12,4 мың ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылады. Жалпы, ИДЖЖЖ-2 арқылы «Мақтаарал-1» бірінші жіберу кешені, «Мақтаарал-1» екінші жіберу кешені, «Арыс-Түркістан», «Қызылқұм-1», «Мақтаарал-2» ирригациялық-дренажды желілері іске қосу жоспарланған. Министр осы ауқымды жоспар аясында жүріп жатқан Шардара, Жетісай аудандарындағы 6Р-2, 5Р-1, К-22-1, К-13-5, К-18 каналдарындағы құрылыс жұмыстарын тексерді.

Сондай-ақ, Мағзұм Мырзағалиев Шардара су қоймасынан машиналық әдіспен су көтеру станциясының вегетацияға дайындық жұмысын да көрді.

«Вегетациялық кезең жақындап келе жатыр. Диқандарды сумен қамтамасыз ету – біздің негізгі және стратегиялық міндетіміз. Маусымның сәтті өтуі осы жұмысқа тікелей байланысты. Облыста 300 мың гектар суармалы жер бар. Жұмыс тәулік бойы жүргізіліп, су үнемдеу технологиясын қолдану қажет. Ауыл шаруашылығы өндірушілерінің өздері де суармалы суды тиімді, ұқыпты пайдалануға қатысты шараларды қабылдауы керек», - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Сапар барысында трансшекаралық Үлкен келес магистралды каналының (БКМК), «Зах», «Ханым» магистралдары каналдарының да жұмысы талқыланды.

«Өздеріңізге белгілі, Қазақстан жыл сайын көрші елдермен трансшекаралық су ресурстарын пайдалану бойынша келіссөздер жүргізеді. Уақытылы қабылданған шаралар өте маңызды. Алайда сумен қамтамасыз етуде су инфрақұрылымы мен су шаруашылығы нысандарының ахуалы да үлкен рөл атқарады. Сондықтан жөндеу жұмыстары сапалы, уақытылы жүруі керек», - деді министр.

Бұдан бөлек, Жетісай ауданындағы 1957 жылы салынған К-19 каналына автоматтындыру жүйесінің енгізілуін де атап өту керек. Себебі онда бүгінге дейін су қарапайым жолмен есептеліп келді, сондықтан су шығынын дұрыс бақылау қиынға соғып, ресурсты тиімді пайдаланылмау жағдайлары орын алды. Суды есептеудің автоматтты жүйесі енгізілгеннен кейін бұл тиімсіздіктер түгел жойылады. Әрі қарай осы жолмен Түркістан облысындағы басқа да каналдар жұмысы автоматтандырылады.