ТҮРКІСТАН: Жаңадан 7 медициналық нысан салынып жатыр

0
2 524

Жедел жәрдем паркі 96% -ға жаңарды.


ТҮРКІСТАН: Жаңадан 7 медициналық нысан салынып жатыр

Түркістан облысында бірнеше медициналық нысан салынуда, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Медициналық инфрақұрылымды дамыту мақсатында Түркістан облысында 78,5 млрд. теңгеге 7 жаңа нысан салынып жатыр. Түркістанда модульді инфекциялық аурухана салынды. Өңірдегі 8 емдеу нысандары күрделі жөндеуден өтуде. Оның 6-ы пайдалануға берілді. Бұл жайлы денсаулық сақтау саласының кеңейтілген алқа отырысында айтылды.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Арман Сәбитовтың қатысуымен өткен алқа отырысында Қоғамдық денсаулық басқармасы 2020 жылғы қызметінің қорытындылары шығарылып, перспективалары талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары Басқарманың қызметіне оң баға беріп, бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.

«Статистикалық деректерге сүйенсек, халық санының өсуі бірінші кезекте туу көрсеткішіне және ана мен бала денсаулығына тікелей тәуелді. Облыста ана мен бала өлімін төмендету үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, әлеуметтік ахуалды түзету бағытында біршама істер атқарылды. Бүгінде Түркістан облысы ана өлімі бойынша республикада 16.3 көрсеткішімен ең соңғы орында. Сәби өлімі бойынша еліміздегі көрсеткіш 7.1. Бұл дәрігерлердің тынымсыз еңбегінің жемісі. Сондай-ақ, облыс бойынша негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштерінің жақсарғанын атап өткен жөн. Осылайша, соңғы жылдары өңірде өмір сүру ұзақтығы артып, жалпы өлім-жітім, туберкулез 26.5% төмендеген. Қатерлі ісік аурулары, қан айналымы жүйесі аурулары да едәуір азайды», – деді өз алқа отырысында сөз алған Қоғамдық денсаулық басқарма басшысы Марат Пашимов.

Түркістан облысында эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Тұрақты негізде облыста коронавирустық инфекциясы бар науқастарды (COVID-19) емдеуге жатқызу үшін мыңға жуық инфекциялық және карантиндік төсек ұйымдастырылған. Мемлекеттік ПТР зертханаларының саны үш есеге көбейтілді.

Сонымен қатар, жылжымалы медициналық кешеннің 12 жиынтығы сатып алынды, нәтижесінде өңірлерді жылжымалы медициналық кешенмен қамтамасыз ету көрсеткіші 100% құрады. Жедел жәрдем қызметі 77 көлікпен толықты. Осылайша жедел жәрдем паркі 96% -ға жаңарды.

Жиын қатысушыларына жақын болашақта жүзеге асырылуы тиіс жоспарлар мен міндеттер айқындалды. Бұл – пандемияның екінші толқынына дәрілік заттарға қолжетімділік, төсек орын мәселелерін толық шешу.