Жылыжайдың ерекшелігі – күн сәулесі және арнайы тігілген көрпешелер арқылы өсіріледі.
Сарығаштағы жапондық технологиямен жасақталған жылыжайда семинар-кеңес өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен өңірде ауыл шаруашылығын дамыту бағытында семинарлар өтіп жатыр. Солардың бірі Сарыағаш ауданында ұйымдастырылды. Тегісшіл ауылдық округінде орналасқан, жылыту жүйесін қажет етпейтін, арнайы тігілген жамылғы арқылы жылытылатын «Абдураман» шаруа қожалығының жылыжай кешенінде «Жылыжай кешендерінің озық тәжірибелерін өндіріске кеңінен ендіру» тақырыбында облыстық семинар - кеңес өтті.
Семинар-кеңеске Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Н.Бадырақов, облысқа қарасты аудан әкімдерінің орынбасарлары, ауыл шаруашылығы бөлімдерінің басшылары және жылыжай шаруашылығымен айналысушы азаматтар мен қаржы ұйымдарының өкілдері қатысты.
Іс-шара аясында «Абдураман» шаруа қожалығының жылыжай кешенімен таныстырылым өткізіліп, арнайы дайындалған орында тәжірибе алмасу мәжілісі ұйымдастырылды.
«Абдураман» ЖШС жылыжай шаруашылығын дамытуда Жапонияның заманауи технологиясын ендіріп, құлпынай өндірісін қолға алып отыр. Жылыжайдың ерекшелігі – күн сәулесі және арнайы тігілген көрпешелер арқылы өсіріледі.
Осы арқылы қыс мезгілінде жылытуға аз шығын жұмсап, жылыжайда құлпынай өсіруге болатынын дәлелдеді. Бұл қаржылық тиімділікпен бірге, өнімнің өзіндік құнының төмендеуіне де ықпалын тигізуде.