ТҮРКІСТАН: Жасөспірімдердің құқығын қорғау жұмыстары жандана түсті

0
638

Кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар 2,2% (137-ден 134-ке) төмендеген.


ТҮРКІСТАН: Жасөспірімдердің құқығын қорғау жұмыстары жандана түсті

Түркістан облысында кәмелеттік жасқа толмағандардың құқығын қорғау жұмыстары жандана түсті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының кезекті мәжілісі өтті. Мәжіліске облыс әкімі Дархан Сатыбалды төрағалық етіп жүргізіп отырды. Жиынға облыстағы құқық қорғау органдарының және басқарма басшылары,бала құқығын қорғау ұйымдарының жетекшілері және бейнебайланыс арқылы аудан, қала әкімдері қатысты.


Кәмелетке толмағандармен жасалатын қылмыстардың профилактикасы, білім беру ұйымдарында профилактикалық түсіндіру шаралары туралы Түркістан облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Б.Айтпабевтың баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, кәмелеттік жасқа толмағандардың құқығын қорғау, қауіпсіздігін сақтау мәселесі өте өзекті. Полиция тарапынан түрлі іс-шаралар,рейдтер, профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар 2,2% (137-ден 134-ке) төмендеген. 134 қылмысты жасауға 127 жасөспірім қатысқан, оның 57-сі – мектеп оқушысы, 17-сі – колледж, 3-еуі – жоғары оқу орындарының студенті. Ал Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы Ғ.Жұмашевтің баяндауынша, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын-алу мақсатында басқарма тарапынан жұмыстар атқарылды. Оқушыларға қауіпсіздік шаралары түсіндіріліп, кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалатын қылмыс пен оқыс оқиғалардың алдын алу бойынша барлық ауылдық округтерде, аудан, қала орталықтарында ата-аналармен кездесулер өткізілді.


Кездесуге облыстық білім басқармасының қызметкерлері, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, прокуратура өкілдері, полиция қызметі, аудандық, қалалық білім бөлімдерінің басшылары, мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері, қоғамдық кеңес, ардагерлер кеңестерінің өкілдері, ата-аналар және тағы басқа қоғам мүшелері қатысқан. Полициямен біріккен рейд барысында құқық бұзушылыққа бейім 552 кәмелетке толмаған жасөспірім және бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын 349 қолайсыз отбасы ішкі істер органының есебіне алынған. Облыстағы білім беру ұйымдарында 909 ата-аналар комитеті, 900 ардагерлер, 900 әкелер, 809 тәлімгерлер кеңесі жұмыс істейді.


Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қаржы бөлініп, мектептерге 7 мыңнан астам бейнекамералар орнатылып, полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылды. Мемлекеттік 938 (оның ішінде: 909-мектеп; 25-колледж; 4-балалар ауылы мен жасөспірімдер үйі) білім беру мекемелері 100% дабыл батырмасымен қамтылып, жедел басқару орталығына қосылды. Кәсіби күзет қызметімен қамтамасыз етілуі тиіс бала саны 300-ден жоғары 573 білім беру ұйымы толық лицензияланған күзет қызметіне өткен.


Мәжілісте «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы жөніндегі шараларды заңнамалық тұрғыдан күшейту, сондай-ақ отбасылық құндылықтарды ілгерілетуге бағытталған жұмыстар туралы» Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ә.Темірбаева мен Түркістан облысы қоғамдық даму басқарма басшысының міндетін атқарушы Н.Жұмашбековтің де есебі тыңдалды. Сондай-ақ Түркістан облысы экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары А.Жанәділов көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл амалдары мен құмар ойындарға қарсы күрес, оны болдырмау және алдын алу шаралары туралы айтып берді.


Мәжілісті түйіндеген Дархан Сатыбалды бала қауіпсіздігіне жауапты барлық мекеме басшысына жұмысты жүйелі әрі уақтылы атқаруды тапсырды. Бала қауіпсіздігін қорғау, олардың алаңсыз білім алуына жағдай жасау, балаға жауапсыз қарайтын ата-аналармен жұмыс жүргізу және әлеуметтік желідегі зиянды материалдарды бұғаттау, қаржы пирамидаларына қарсы ақпараттық жұмысты күшейту керектігін айтты. Сонымен бірге жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу, балаларды түрлі үйрімелермен қамту, мектеп психологтарының жұмысын жандандыру, біліктіліктерін көтеру жөнінде ұсыныстар беріліп, хаттамаға енгізілді.