ТҮРКІСТАН: Жер кезегіне 30 мыңнан астам тұрғын тіркелген

0
1 360

Биыл кезектегі азаматтарға 2000-нан аса жер учаскесін табыстау жоспарланған.


ТҮРКІСТАН: Жер кезегіне 30 мыңнан астам тұрғын тіркелген

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Түркістан қаласында 30 мыңнан астам тұрғын жер кезегіне тіркелген, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан қаласында жер кезегіне 30 мыңнан астам адам тіркелген. Бұл туралы Түркістан қаласы әкімдігінің «Жер қатынастары бөлімі» басшысы Нариман Қасымбеков 109 - Бірыңғай байланыс орталығы арқылы тікелей эфирде мәлім етті. Бөлім басшысы эфир аясында тұрғындарға облыс орталығындағы жер кезегіне тұру тәртібін түсіндірді. Тікелей эфир барысында 12 тұрғын бөлім басшысына сұрақ қойып, тұшымды жауап алды.


Биыл кезектегі азаматтарға 2000-нан аса жер учаскесін табыстау жоспарланған. Бөлім басшысының айтуынша, бұл жерлерді 2000-2004 жылдары кезекке тұрған азаматтардың алуы жоспарланған.


Жер кезегінің жылжу процесінің бәсеңдігін сұраған тұрғынға бөлім басшысы кезекке тіркелген, қайтыс болған, жер алып қойған азаматтарды анықтау үшін актуализациялау жұмысы жасалып жатқандығын, анықталған бойынша аталған (қайтыс болған, жер алып қойған) адамдардың тізімнен алынатындығын айтты. Сонымен қатар, Бас жоспары бекітілгелі қалада бос жатқан жерлерді түгендеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыс аяқталған соң, ол жерлерге инфрақұрылым жүргізіліп, жер кезегіндегі азаматтарға табысталмақ. Жоспар бойынша осы арқылы 2022-2024 жылдары 10 мыңнан астам жер телімі табысталады деп күтілуде.


Халықты толғандырған жерді мемлекет мұқтаждығына алу мәселесі мен игерілмеген жер телімінің мемлекет меншігіне қайтарылуы бойынша да біршама ақпараттар берілді. Түркістан қаласының бас жоспары бекітіліп, шекарасы өзгеріп жатқандықтан, мемлекет меншігіне біршама жер өткізілген болатын. Бұл мақсатта атқарылған жұмыстар аяқталуға шақталған. Ал, шекараны бекітудің екінші және үшінші кезеңі 2025 жылы басталады. Сол себепті жерді мұқтаждыққа алу бойынша сыбыстарға сенбеуді мәлімдеді.


Алынған жағдайда, бөлім тарапынан меншік иесіне алдын-ала хабар беріледі. Сондай-ақ, бөлім тарапынан жер құжаттарын толық рәсімдеуге көмек көрсету жұмыстары жүзеге асырылады. Жеке меншік тұрғын үйге алынған жерлер мемлекетке қайтарылмайды. Тек берілген жер 3 жыл ішінде игерілмесе, әкімшілік тарапынан ескерту жолданып, он есе салық төленеді.


Айта кетейік, ҚР кез-келген 18 жастан азаматы 10 соттық жер алуға құқығы бар. Ол үшін алушының атында Мемлекеттен бір рет тегін алған жері болмауы тиіс.