ТҮРКІСТАН: Жетісай ауданында ауқымды сенбілік өтті

0
774

Сенбілікке 500-ге жуық азамат қатысты.


ТҮРКІСТАН: Жетісай ауданында ауқымды сенбілік өтті

Түркістан облысы Жетісай ауданының әкімі Мұрат Болатұлының бастамасымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «30 игі шара» жобасы жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Сондай игі бастамалардың бірі ретінде қала, кент, елді мекендердің тазалық жұмыстарының жандануы үшін барлық шараларды жүргізу міндеттелген.

Осыған орай аудандық деңгейде 500-ге жуық азамат қатысқан ауқымды сенбілік өтті. Аудан басшысы бастаған тазалық жұмыстарына мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлері, ауданның ерікті жастары қатысты. Жетісай-Атакент тас жолы бойында орналасқан К-26 каналы бойындағы шөптерді шауып, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинады.
«Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында бекітілген «30 игі шара» жобасы бойынша жоспарланған жұмыстардың бірі – санитарлық тазалықтың тұрақты ұйымдастырылуы еді. Бүгінгі сенбілікке аудандағы мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелерден 230-дан астам қызметкер мен 4 арнайы техника қатысып, әрбірі өздеріне бекітіліп берілген территорияларында тиісті жұмыстарды атқаруда. Мұндай шаралар аудан аумағында тұрақты түрде өткізіліп келеді», - дейді аудан басшысы Мұрат Қадырбек.
Қаладағы қатты тұрмыстық қалдықтар жиі шашылатын көшелерге сенбілік жұмыстары жүргізілді. Кез-келген аудан, қаланың тазалық көрсеткiшi сол мекен тұрғындарының мәдени деңгейiн көрсететіндіктен тұрғындардың жақсы тұрмысы үшін бірқатар игі істер атқарылуда. Көшелер кеңейтіліп, түнгі жарықшамдар орнатылуда. Арық-атыздар мен қашыртқылар тазаланып, көшет егу жұмыстары жүргізілуде. Мұның барлығы, әрине, тұрғындар үшін. Барды қадірлей отырып, туған еліне құрметпен қарап, ел-жұртын жақсы көретін азаматтарды Жетісай қаласын көркейтуге, абаттандыруға, еліміздегі ең таза аймақтардың бірі болуына белсене атсалысуға жұмылдыруда үлкен маңызға ие.
Жетісай аудандық тұрғын үй, комуналды шаруашылық бөлімінің басшысы Мырзабек Әбішевтің айтуынша қала, кент, барлық ауылдық округтерде тазалық жұмыстарын жүргізудің, тұрмыстық күл-қоқысты шығарудың арнайы кестесі бекітілген.
«Өзін, отбасын сыйлайтын әрбір адам тазалық жұмыстарын жылдың барлық мезгілінде жүргізуі тиіс. Ауданның әр тұрғыны өзі тұратын үйдің ауласын таза ұстаса, бұл олардың өңір тазалығына қосқан үлесі. Аудан әкімінің бастамасымен қолға алынып отырған бұл іс қоғамның назарын көше тазалығын сақтап, экологиялық мәдениетті қалыптастыруда маңызы зор», - дейді Мырзабек Әбішев.