ТҮРКІСТАН: Жетісайда 10 мың тұрғын газбен қамтылады

0
700


ТҮРКІСТАН: Жетісайда 10 мың тұрғын газбен қамтылады

Жетісай ауданында жыл соңына дейін 6 елді мекенде 10 мың тұрғын газбен қамтылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тұралап қалған сақалды құрылыстарды аяқтап, елді мекен тұрғындарын көгілдір отынмен, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету тапсырмасын жүзеге асыру аясында Жетісай ауданында тағы бір елді мекенге табиғи газ берілді. Бұл – соңғы 5 жылда газға қосылған бірінші ауыл.


Ш.Ділдәбеков ауылдық округіне қарасты Жаңа дала елді мекені тұрғындарына табиғи газ беру шарасына аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов қатысты.


2019 жылы құрылысы басталған газ өткішгішінің жалпы ұзындығы 18,8 шақырымды құрайды. Сметалық құны 239,6 млн теңге. Құрылыс жұмыстары 2020 жылы аяқталғанымен тұрғындар табиғи газды пайдалана алмай келген. Себеп – табиғи газ қысымының жетіспеушілігі. Енді 250-ге тарта түтіні бар ауыл тұрғындары күл шығарып, көмір жағудан құтылатын болдық деп қуанып отыр.


«Табиғи газдың келуін күткенімізге біраз жыл болды. Енді міне от жағып, күл шығарудан құтылатын болдық. Елдің қамын ойлап, осындай игі істерді атқарып отырған аудан басшыларына рахметімізді айтамыз», - дейді ауыл тұрғыны Гүлбахира Жайдақбаева.


Сонымен қатар, өткен жылы Қызылқұм ауылдық округінің Қызылқұм, Ақтөбе елді мекендері мен Абай ауылдық округінің Отан, Бейбітшілік елді мекендері, Ж.Ералиев ауылдық округінің Ғ.Мұратбаев елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатындағы құрылыс жұмыстарына «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы мен республикалық бюджеттерден жалпы 1,6 млрд теңге қаржы бөлініп, өндірістік кестеге сәйкес жүргізілуде. Жыл соңына дейін аудандағы 6 елді мекендегі 10 мың тұрғынды табиғи газға қосу жоспарланып отыр.


«Бүгінде ауданда тұрғындарды табиғи газбен қамтып, көгілдір отынға деген сұранысты толықтай қанағаттандыру және газ тұтынушылар санын аудан тұрғындарының 60 пайызына жеткізу мақсатында жалпы сметалық құны 2,067 млрд теңгені құрайтын Қарақай ауылдық округінде «Жетісай» АГТС, Ынтымақ ауылдық округінде «Кирово» АГТС нысандарын салу жұмыстарына тиісті қаржылар бөлініп, мердігер «БатысМұнайГазЖабдықтары» ЖШС тарапынан құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Аталмыш 2 АГТС-тың қуаттылығы 100 мың текше метрді құрайды», - дейді аудан әкімінің орынбасары Марат Айнабеков


Ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға қоса Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты Әбдіхалық, Мырзашөл, Атақоныс елді мекендерін газдандыруға республикалық бюджеттен 181 млн 709 мың теңге бөлініп, мердігер мекемені анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Нысан құрылысы 2024 жылға өтпелі.