ТҮРКІСТАН: Жетісайда 5000 адам сенбілікке шықты

0
1 003

Көшелер кеңейтіліп, түнгі жарықшамдар орнатылып жатыр.


ТҮРКІСТАН: Жетісайда 5000 адам сенбілікке шықты

Жетісай ауданында тазалық жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


«Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы» Заңды тұлғалар бірлестігі 2023 жылдың 16 қыркүйегін еліміздің барлық аумақтарында «Дүниежүзілік тазалық күні» (World Cleanup day 2023) сенбілік акциясы жарияланған. Осыған орай Жетісай ауданының қала, кент, барлық елді мекендерінде тазалық жұмыстарының жүргізіліп, 5000-ға жуық азаматтың қатысуымен ауқымды сенбілік өтті.


Тазалық жұмыстарына мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлері, ауданның ерікті жастары, тұрғындар белсене қатысты. Әрбір мекеме мен бөлімдерге арнайы бекітілген учаскелерде бей-берекет жатқан қоқыс орындары тазаланып, Жетісай – Атакент тас жолы бойында орналасқан «Достық» магистральды каналының К-26 арнасының маңын, ауданның кіреберісін тазалап, шөптерін шапты, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинады.


«Бүгінгі сенбілікке аудандағы мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелерден 230-дан астам қызметкер мен арнайы техникалар қатысып, әрбірі өздеріне бекітіліп берілген территорияларында тиісті жұмыстарды атқаруда. Мұндай шаралар аудан аумағында тұрақты түрде өткізіліп келеді», – дейді Жетісай ауданы әкімі аппаратының басшысы Есен Алданиязов.


Кез келген аудан, қаланың тазалық көрсеткiшi сол мекен тұрғындарының мәдени деңгейiн көрсететіндіктен тұрғындардың жақсы тұрмысы үшін бірқатар игі істер атқарылуда. Көшелер кеңейтіліп, түнгі жарықшамдар орнатылып жатыр. Арық-атыздар мен қашыртқылар тазаланып, көшет егу жұмыстары да кезең-кезеңімен жүргізілуде. Мұның барлығы, әрине, тұрғындар үшін. Барды қадірлей отырып, туған еліне құрметпен қарап, ел-жұртын жақсы көретін азаматтарды ауданды көркейтуге, абаттандыруға, еліміздегі ең таза аймақтардың бірі болуына белсене атсалысуға жұмылдыру да үлкен маңызға ие.


Жетісай аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Берік Мамбетовтың айтуынша қала, кент, барлық ауылдық округтерде тазалық жұмыстарын жүргізудің, тұрмыстық күл-қоқысты шығарудың арнайы кестесі бекітілген.


Айта кету керек, бүгінде аудандағы тазалық жұмыстарын бір қалыпқа келтіру мақсатында көше тұрғындары мен мөлтек аудан билерінің, жергілікті учаскелік полиция қызметкерлерінің қатысуымен түсіндіру жұмыстары ұдайы жүргізіліп келеді. Тәрбие бар жерде ғана тазалық болатынын, ал тазалық болған жерде денсаулық, өмір, өсімнің болатынын әрбір тұрғын сезінуі тиіс.