Жетісай ауданының орталығында 11 суретке түсіру алаңшалары бар әмбебап фотостудия ашылды.
Жаңадан іске қосылған «FOCUS» фотостудиясында суретке түсушілерге арналып 11 арнайы алаң жасақталған деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Бұған дейін кәсіпкерліктің бірнеше саласын меңгеріп, біршама жастарды тұрақты жұмыспен қамтыған жетісайлық азамат Жайлыбаев Мейірбек Жұмаханұлының бұл жолы қолға алған ісі ерекше. Жастайынан фото-видео саласының қыр-сырын жетік меңгерген Мейірбектің Жетісай қаласынан ашқан «Focus» фотостудиясында суретке түсушілердің сұранысына қарай қазақы нақышта жабдықталған алаңнан бастап табиғат, теңіз, музыкалық және романтикалық, ретро фотоаппараттар сынды 11 суретке түсіру алаңшалары бар. Әрбір алаңша атына сай әлемнің түкпір-түкпірінен әкелінген тарихи жәдігерлермен жабдықталған.
Аталмыш орталықтың ашылу салтанатына ел ағаларымен қатар ардагер фотографтар, өнер саласының майталмандары, қала тұрғындары қатысты.
«Мұндағы қойылған экспонаттардың алды ХІХ ғасырда қолданысқа енген бұйымдар. Бұл орталық тек суретке түсу орталығы ғана емес, фотография саласының дамуы мен өркендеуінен сыр шертетін шағын музей десек те болады», - дейді Мейірбектің ұстазы Ардақ Төлеубай.
Айта кетейік, аталмыш орталықта тек фотосессиялар өткізіп қана қоймай сурет өнеріне қызығушыларға мастер-кластар өткізіліп, сұранысқ қарай арнайы оқыту курстары да жүргізіледі.