ТҮРКІСТАН: Жетісайда қайырымдылық дүкені ашылды

0
603

Бұл дүкенді ашудағы мақсат – өздерінің әлеуметтік жағдайын тіктей алмай жүрген жергілікті халыққа көмек көрсету.


ТҮРКІСТАН: Жетісайда қайырымдылық дүкені ашылды

Жетісай ауданында «Дәнекер» қайырымдылық дүкені өз жұмысын бастады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Жетісай ауданында аудан әкімі Серік Мамытовтың бастамасымен және аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйытқы болуымен «Дәнекер» қайырымдылық дүкені өз жұмысын бастады.


Бұл дүкенді ашудағы мақсат – өздерінің әлеуметтік жағдайын тіктей алмай жүрген жергілікті халыққа көмек көрсету. Дүкенде тұрғындарға тегін киім-кешек үлестірліп, мүмкіндігінше қосымша азық-түлік беріледі. Қайырымдылық дүкенге ауданның жомарт жандары мен кәсіпкерлері демеушілік жасап келеді. Осыдан 5 жыл бұрын, яғни, 2018 жылдың ақпанында облыс бойынша ең алғаш болып Жетісай қаласында ашылған «Мейірім-Шапағат» қайырымдылық дүкені күні бүгінге дейін 6 мыңға тарта әлеуметтік қолдауды қажет ететін, мүмкіндігі шектеулі мүшелері бар және көпбалалы отбасыларға көмек көрсеткен.


"Тағдырдың тауқыметі мен өмірдің ащы тұздығын татып, қоршаған ортадан, иманжүзді азаматтардан мейірім шуағын, жан жылуын күтетін қоғамның әлсіз бөлігі саналатын мүмкіндігі шектеулі жандар мен әлеуметтік қолдауды қажет ететін ауданның кез-келген азаматына көмек береміз. Дүкеніміз аптаның сенбі-жексенбі күндерінен басқа барлық күндерінде жұмыс істейді", – дейді дүкеннің ашылуына арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Марат Айнабеков.


Айта кетейік, «Дәнекер» қайырымдылық дүкені Жетісай-Атакент тас жолының бойында, бұрынғы «Нар» кафесінің жанында орналасқан.